АБАЙ ҰЛТТЫҚ МЕКТЕБІМЕН БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Бүгін Алматыда дарынды балаларға арналған Абай ұлттық мектебі жаңа кампусының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарама Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп және зиялы қауым өкілдері, сол мектептің белгілі түлектері қатысты. Абай университеті алдағы уақытта республикалық Абай ұлттық мектебімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Дарынды балаларға арналған Абай атындағы мектеп-интернат «Дарын» шағынауданында орналасқан. Білім ордасының жаңа оқу кешені 900 балаға арналып салынды. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына, зерттеу жұмыстарымен айналысуына, спортпен шұғылдануына және шығармашылық дамуына барлық жағдай жасалған.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде білім сапасын арттыруға назар аударып, бұл жөнінде үнемі айтып келеді. Бұл – Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы ең маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаһандану дәуірінде озық білімді игерген елдің болашағы жарқын болады. Сондықтан, президент тапсырмасымен соңғы жылдарда бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Бүгін ресми түрде ашылып жатқан Абай ұлттық мектебінің жаңа деңгейге көтерілуі де сол кешенді жұмыстың нәтижесі, – деді мектептің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Сенат спикері Мәулен Сағатұлы.

Жаңа мектеп-интернат кампусында заманауи жабдықтаудан өткен Абай музейі, оқу кабинеттері, пәндік зертханалар, спорт және акт залдары, кітапхана, асхана, шығармашылық шеберханалар бар. Оқушылар үшін ғимарат айналасында да спорт алаңдары қарастырылған. Қазірде білім алып жатқан 351 оқушысы бар білім ошағында жалпы ұжым саны – 146. Олардың арасында педагог-шебер, зерттеуші, сарапшы және модератор қатарындағы 72 педагог бар.

Ұлттық мектеп жаңа кампусының ашылу салтанатына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы, Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан, аппарат жетекшісі Жанатбек Ішпекбаев, аталған мектепті ұзақ жылдар басқарған, бүгінде университет кәсіподақ ұйымының төрағасы болып қызмет істейтін Мұхтар Ибраимов т.б. арнайы қатысып, алдағы уақытта орта білім ордасына қолдау көрсетуге байланысты уағдаласып қайтты.

Абай университетінен Абай мектебіне бірлескен ғылыми ізденістерді жүзеге асыру, ғылыми жобаларына жетекшілік ету, педагогикалық тәжірибелік база қалыптастыру бағыты бойынша дем беру жұмыстары ұсынылып отыр.

«Abai University» медиа орталығы