16.05.2026
ABAI UNIVERSITY ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАРЫ – НАҚТЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТКІШІ
Абай университетінде жалпы
саны 100 ғылыми жоба табысты жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде 54 ғылыми жоба
гранттық қаржыландыру негізінде, 3 жоба бағдарламалық-нысаналы және біреуі
коммерциялық бағытта дайындалған. Ғылыми-педагогикалық, өндірістік және
зияткерлік мақсатта іске асатын жобалар сараптамадан өтіп, жүйелі түрде
орындалып отыр. Бұл – университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, зерттеу
нәтижелерінің тиімділігін көрсетеді.
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша
«Keruen Plus» ЖШС-мен бірлескен шарты негізінде «YBCO модификаторларын қолдана
отырып, ПВХ негізіндегі композиттік материалдардан коэкструзия әдісімен
экологиялық жылтыр терезе тақтайшаларын инновациялық өндіру» (DP21682051)
жобасының мерзімі жыл соңына дейін ұзартылды. Әзірленген өнімді «Keruen Plus»
ЖШС өндіріске енгізіп, қазіргі таңда жемісін бере бастады. Коммерцияландыру
жобасы Қазақстанда инновациялық өндірісті құру бағытындағы ғылым мен өнеркәсіптің
табысты интеграциясының жарқын айғағы.
2026 жылдың
сәуір айында Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы жүргізген
мониторинг нәтижесінде ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын 26 жоба сараптамадан сәтті өтті.
Бұл көрсеткіш университетте ғылыми жобалардың күнтізбелік жоспарға сәйкес
жүйелі түрде орындалып, зерттеу нәтижелері іс-жүзінде тиімді іске асуының
көрсеткіші.
2024-2027
жылдарға арналған ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын ғылыми жобалар аясында халықаралық
рецензияланатын ғылыми журналдарда мақалалар жарияланып, оқулықтар,
оқу-әдістемелік құралдар, монографиялар жарық көрді. Сондай-ақ, зерттеу
нәтижелерін оқу үдерісіне енгізу актілері мен зияткерлік меншік объектілеріне патенттер
алынды. Атап айтқанда:
AP23487595
«Мектеп географиясында Жерді қашықтан зерделеу (ЖҚЗ) материалдарын қолдану
дағдыларын дамытуға бағытталған әдістемелік әзірлемелерді дайындау» жобасы.
Зерттеуші ғалым Шахислам Лайсханов жетекшілік ететін жоба аясында Жерді
қашықтан зерделеу материалдарын мектеп географиясында қолдануға бағытталған
әдістемелік әзірлемелер дайындалды. Нәтижесінде Scopus базасына кіретін
журналдарда 2 мақала, Комитет ұсынған басылымдарда 2 мақала жарияланып,
халықаралық конференцияда баяндама жасалды. Сондай-ақ бір әдістемелік оқу
құралы жарық көріп, авторлық куәлік алынды.
Профессор
Сәуле Абишованың жетекшілігімен дайындалған «Қазақстан бейнесінің қазіргі
әлемдік мәдениеттегі трансмедиалық және көркем репрезентациясы» жобасы (AP23489915)
бойынша мектеп оқушыларына арналған 2 элективті курс әзірленді. Олар: «Әлем
әдебиетіндегі Қазақстан бейнесі» және «Қазақстанның әдеби географиясы: шабыт
ландшафтары» деп аталады. Сонымен қатар, магистратура мен докторантураның білім
беру бағдарламаларына «Қазақстан бейнесінің қазіргі әлемдік мәдениеттегі
трансмедиалық репрезентациясы» және «Қазіргі әлем әдебиетіндегі Қазақстан
бейнесі» пәндері енгізілді. Жоба нәтижелері оқу үдерісіне енгізіліп,
әдістемелік ұсынымдар жарияланды.
АР22686317
жобасы аясында ресми және бейресми білім беру интеграциясы жағдайында
магистранттардың дәрежелерін өсіруге арналған Stackable degree моделі әзірленді.
Жобаның жетеішісі PhD доктор Дамира Советканова. Аталған жобаның нәтижесінде
екі мақала халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалында жарияланды.
Сондай-ақ 5 авторлық білім беру бағдарламасы әзірленіп, тәжірибеге енгізілді. Одан
бөлек ғылыми монография жарық көріп, ендіру актісі алынды. Scopus базаларында
индекстелетін басылымда мақала жарық көрді.
Астрономиялық
зерттеуге бағытталған AP22682939 «Исследования общерелятивистских эффектов при
движении орбитальных спутников (пробных тел) в аксиально-симметричных
гравитационных полях» атты жоба Дания Утепованың жетекшілігімен жүзеге
асырылды. Жоба аясында орбиталық спутниктердің аксиалды-симметриялық гравитациялық
өрістердегі қозғалысы кезіндегі жалпы салыстырмалылық эффектілері зерттелді.
Ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша Web of Science базасында индекстелетін (Q1,
Q2) журналдарда екі мақала жарияланды.
Жалпы алғанда, ғылыми
жобалар университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, білім беру мазмұнын
жаңартуға, цифрлық және инновациялық ресурстарды дамытуға, ғылым мен тәжірибе
байланысын нығайтуға және халықаралық кеңістікте университет беделін күшейтуге айрықша
үлес қосады. Абай университетінің ғылыми жобалары бүгінде тек академиялық орта
үшін ғана емес, қоғамның білім беру, технология және мәдени даму сұраныстарына
жауап беретін маңызды ғылыми бастамаларға айналды.
«Abai University» медиа орталығы