15.05.2026
ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ МУЗЕЙІМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Бүгін Абай университетінде Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық музейімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екіжақты келісім аясында жоғары оқу орнының студенттері үшін арнайы экскурсиялық бағдарламалар, ұлттық мәдениетке арналған тақырыптық дәрістер мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ жастарды Қазақстанның бай тарихи мұрасына баулуға бағытталған өзге де бірлескен іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Ресми
құжатқа университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау
мен Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры Салтанат Тезекбайқызы қол
қойды. Меморандум аясында Абай университетінде келесі оқу жылына арналған білім
беру бағдарламаларын әзірлеу жұмыстары басталып кетті.
Алдағы уақытта дүлділ ақынның
музей-үйіне саяхат жасау университеттің мәдени өмірінің бір
бөлігіне айналады. Музейдің ғылыми қызметкерлері студенттер
мен оқытушыларға
дәріс оқып, Жамбылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректермен
бөліспек. Сонымен қатар, бұл – студенттер үшін
Жетісу өңірінің қайталанбас табиғатымен танысудың тамаша мүмкіндігі.
Бүгінгі
таңда музей Қазақстан бойынша жүздеген мектеппен тығыз байланыс орнатқан. Ал
жоғары оқу орындарының ішінен Абай атындағы ҚазҰПУ – қазіргі уақытта музеймен ресми серіктестікке қол қойған жалғыз университет. Бұл маңызды оқиғаның
ұлттық әдебиет классигінің туғанына 180 жыл толуымен тұспа-тұс келуінің
символдық мәні зор. Университет
бастамасын музей әкімшілігі де үлкен қуанышпен
қолдап отыр.
– Жамбыл
Жабаев – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бірегей тұлғасы.
Оның шығармашылығы өз халқына, тарихы мен
мәдениетіне деген шынайы сүйіспеншілікке толы. Біздің музей
ұлы тұлғалардың ғибратты ғұмырын, асыл мұрасын өскелең ұрпаққа
жеткізіп, жастардың бойында рухани қасиеттерді қалыптастыруға қызмет етеді, –
деді музей
директоры.
Әдеби-мемориалдық
кешен ақынның өзі өмір сүрген Жамбыл ауылында орналасқан. Музей аумағында қазақ
халқының ұлы перзентіне арнап кесене тұрғызылған үлкен бақ бар. Қызметкерлердің
қажырлы еңбегінің арқасында бүкіл кешен бастапқы қалпында сақталып, тек
Қазақстаннан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларды баурап
алатын табиғатымен ерекшеленеді.
«Abai
University» медиа орталығы