ӨНЕР МЕН ҒЫЛЫМ ТОҒЫСҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде ғылым мен өнердің өрілуіне, ұлттық тәрбиенің тамыр жаюына ғұмырын арнаған бірегей тұлға – белгілі суретші, педагогика ғылымының докторы, профессор Берікжан Әлмұхамбетовтің 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық симпозиум өтті. «Ұлттық өнер – ұлттық тәрбие діңгегі: Профессор Б.А.Әлмұхамбетовтің ғылыми пайымдаулары контексінде білім беру мен мәдени мұраның заманауи трансформациясы» тақырыбындағы келелі басқосу төл мәдениеттің рухани-мәдени кеңістіктегі орны мен оның тәрбиелік әлеуетін терең зерделеген мазмұнды ой-толғаулар тоғысына ұласты.


Салтанатты іс-шараның көркін кіргізген «Өмір өрнектері» атты шығармашылық көрме көпшілік қауымның ерекше ықыласына бөленді. Экспозицияға қылқалам шеберінің және оның соңынан ерген дарынды шәкірттерінің еңбектері ұсынылып, ұстаз бен шәкірт сабақтастығының өміршең өнегесін паш етті. Автор туындыларынан қазақы дүниетаным – болмыс, табиғат пен адам үндестігі, тарихи сана мен рухани тереңдік анық сезілді. Әсіресе ұлттық нақыштағы бояу үйлесімі мен философиялық мазмұн көрерменге айрықша әсер қалдырды.


Симпозиум барысында өнер мен өнертанудың қоғам дамуындағы рөлі кеңінен насихатталды. Қатысушылар дәстүрлі бейнелеу өнері – халықтың тарихи мәдениетін сақтайтын, ұлттың рухани қалқанын қалыптастыратын маңызды құндылық екенін атап өтті. Сонымен қатар жаһандану жағдайында мәдени мұраны сақтау, көркемсурет өнерін жаңа технологиялармен сабақтастыру, жас ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.


Мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы құттықтау хатын жолдап, профессордың бейнелеу өнері мен оқу-ағарту саласына қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалады. Ал Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп ғалым-ұстаздың отандық педагогика мен мәдениет кеңістігіндегі орны айрықша екенін атап өтті.


– Ұлттық өнер – ұлттың жаны. Ал сол өнерді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, оны тәрбиенің темірқазығына айналдыру – үлкен азаматтық миссия. Берікжан Айтқұлұлы осы жолда саналы ғұмырын арнап, тұтас бір мектеп қалыптастырған тұлға, – деді ректор.


Болат Анапияұлы саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін мерейтой иесін «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапаттады.


Жиында Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова мен Ұлттық құндылықтар академиясының төрағасы Дүйсебек Әділхан кемел жасқа толған тұлғаның руханият пен тәлім-тәрбие бағытындағы еңбектеріне ерекше тоқталып, өмір жолындағы естеліктерін бөлісті. Сондай-ақ Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсаинов профессордың отандық дидактика мен әдістемелік ғылымды дамытудағы, жоғары білікті мамандар даярлаудағы қызметіне тоқталды.


Симпозиумда педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ботагүл Тұрғынбаева «Ғылым мен ұлттық тәрбие зергері» тақырыбында пайымды ой өрбітіп, Берікжан Әлмұхамбетовтің халықтық тәрбие, эстетикалық таным қалыптастыру және өнер педагогикасы саласындағы еңбектеріне ғылыми баға берді. Сонымен қатар ғалымның мектеп оқулықтарын даярлаудағы еңбегі де ерекше аталып өтті. Оның авторлығымен жарық көрген бейнелеу өнері мен көркем еңбек бағытындағы оқулықтар бірнеше буын жас ұрпақтың эстетикалық танымын қалыптастыруға зор ықпал етті. Бұл кітаптар күні бүгінге дейін мектеп бағдарламасында ішкі мазмұнды күшейтуге қызмет етіп келеді.


Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұртас Ахатұлы «Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы арқылы тұлға қалыптастыру мәселелері» тақырыбында мазмұнды зерттеуін ұсынып, тағылым мен адамгершілік құндылықтардың қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталды.


Халықаралық симпозиумға Түркия, Қытай, Беларусь мемлекеттерінен келген өнертанушылар мен профессорлар да қатысты. Қытай елінен келген профессор Лю Вэньбинь «Қазақстан мен Қытай гравюра өнеріндегі шеберлік пен техникалық тәсілдердің трансформациясы» туралы сөз қозғаса, Беларусь республикасының келген Александр Зименко заманауи бейнелеу мектебі мектебі жүйесіндегі нейрожелілік технологиялардың рөлі туралы білгенін ортаға салды. Ал түркиялық профессор Өмер Займоғлу «Түрік және қазақ халықтарының кілем өнеріндегі тарихи-мәдени үндестіктер» туралы ой қозғады. Сондай-ақ Англия, Африка елдерінен арнайы құттықтау хаттар жолданып, Алматы қаласы Білім басқармасы мен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ұжымы мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.


Игі жақсылардың басын қосқан алқалы жиын аясында профессордың «Тағылымды тарих», «Қазақстан мектебі» атты кітаптарының тұсауы кесіліп, ғылыми-педагогикалық еңбектерінің маңызы кеңінен насихатталды.


Кеш соңында симпозиум қарары қабылданып, төл мәдениет пен көркемдік тәлім беру бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту, мәдени мұраны цифрлық форматта сақтау, жас суретшілерді қолдау және өнер педагогикасын халықаралық деңгейде дамыту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Келелі кездесу қорытындысында мерейтой иесі Берікжан Әлмұхамбетов өз сөзінде этникалық өнерге қызмет ету – өмірлік мұрат екенін айтып, кейінгі буынның рухани тәрбиесі жолындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді. Тағылымды іс-шара дәстүрлі өнердің ұлт болашағындағы орны айрықша екенін тағы бір мәрте айқындап берді.

«Abai University» медиа орталығы