ХИМИЯ ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Абай университетінде химия ғылымдарының кандидаты, доцент Айманкүл Мейрманованың 70 жылдық мерейтойына орай «Химия пәні мұғалімдерінің ғылыми-зерттеу құзыреттілігін жетілдірудің тиімді жолдары» атты ғылыми-әдістемелік дөңгелек үстел өтті. Тағылымы мол басқосу ғылым мен білімді ұштастырған ұстаз еңбегін ұлықтап, химия саласының өзекті мәселелерін талқылауға арналды.

Аталған жиын химия пәні мұғалімдерінің ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуды, заманауи әдістерді педагогикалық тәжірибеге енгізуді және кәсіби біліктілігін арттыруды көздейді. Іс-шараға университет оқытушылары, сала мамандары, білім беру ұйымдарының өкілдері мен жас ғалымдар қатысты.

Дөңгелек үстелді Химия кафедрасының меңгерушісі Жазира Мұқатаева модератор ретінде жүргізіп, мерейтой иесінің ғылыми және ұстаздық еңбегін ерекше атап өтті. Университет ректорының кеңесшісі, профессор Хайрулла Нышанұлы жиынды ашып беріп, Айманкүл Айтжанқызына арнайы «Абай» төсбелгісін табыстады.

– «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, Айманкүл Айтжанқызының шәкірттері бүгінде республикалық олимпиадаларда топ жарып жүр. Ол еліміздің қиын-қыстау кезеңдерінде дарынды оқушыларды ғылымға баулып, үлкен жетістіктерге жетеледі. Абай университетінің Химия кафедрасында 35 жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек етіп келе жатқан ұстаздың оқу орнының дамуына қосқан үлесі зор, – деді профессор.

Дөңгелек үстел аясында Айманкүл Айтжанқызының ғылым мен білім саласындағы көпжылдық еңбегі кеңінен сөз болды. Ғалымның кәсіби қызметі химияны оқыту әдістемесін жетілдіруге, дарынды оқушылар мен студенттерді олимпиадаларға даярлауға бағытталған. Ол ұзақ жылдар бойы республикалық және халықаралық химия пәні бойынша олимпиадаларда қазылар алқасының мүшесі болған.

Іс-шара барысында Алматы облысы білім басқармасының өкілдері мен әдістемелік орталық мамандары өңірдегі білім сапасын арттыру мәселелері бойынша пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісті. Ғылыми баяндамалар бөлімінде оқушылардың зерттеушілік қабілетін қалыптастыру, мұғалімдердің ғылыми жарияланым әзірлеу құзыреттілігін дамыту мәселелері көтерілді. Спикерлер заманауи педагогикалық тәсілдер мен тәжірибелік зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді жолдарын ұсынды.

Секциялық жұмыстар барысында химия пәні бойынша олимпиадалық дайындықты ұйымдастыру, дарынды оқушылармен жұмыс жүргізудің жаңа тетіктері талқыланды. Сонымен қатар зертханалық тәжірибелер арқылы оқушылардың практикалық дағдыларын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Кездесу соңында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, білім беру мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Айманкүл Айтжанқызы – химия ғылымдарының кандидаты, жоғары білікті ұстаз, Ресей Федерациясы Экология және тіршілік қауіпсіздігі халықаралық ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Электрохимия бағыты бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1992 жылдан бері Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Химия кафедрасында қызмет атқарып келеді. Ғалым 250-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбек, оқулық пен оқу құралдарының авторы. Оның ғылым мен білім жолындағы қажырлы еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары анық.

 «Abai University» медиа орталығы