СТУДЕНТТІК ШАҚТЫҢ ЖАРҚЫН ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Абай университетінің қабырғасында кезекті оқу жылының қорытынды науқаны қыза түсті. Білім алушылар жыл бойы жинақтаған білім мен тәжірибені сынақтан өткізіп, жоғары білімді маман болуға бір табан жақындады. Аралық бақылаулар мен емтихандарды сәтті тапсырған жастар бүгінде өз нәтижелеріне дән риза. Әсіресе төрт жылдық еңбегін түйіндеп, дипломдық жұмыстарын жоғары деңгейде қорғаған бітіруші түлектер үшін бұл күндердің маңызы ерекше.

Биыл университеттің әр факультетінде ғылыми ізденіс пен шығармашылық белсенділік айқын байқалды. Соның ішінде Педагогика және психология факультетінің студенттері өздерінің тың зерттеулерімен ерекшеленді. Студенттердің жұмыстарынан қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге деген терең көзқарас пен кәсіби дайындық анық аңғарылады. Мәселен, «Психология» мамандығының 4-курс студенті Альфия Қабекешова «Студенттердің әл-ауқатының психологиялық ерекшеліктері» тақырыбындағы дипломдық жұмысын «өте жақсы» бағаға қорғаған. Студент төрт жылдық еңбектің нәтижесі бірнеше минуттық қорғау сәтіне сыйып кеткендей әсер қалдырғанын айтты.

– Төрт жыл бойы жинаған біліміміз бен тәжірибеміз дәл осы күндері сыналды. Мен өзіме қойған мақсатқа жетіп, дипломдық жұмысымды сәтті қорғадым. Бұл – тек менің ғана емес, бізге әрдайым қолдау білдірген ұстаздарымыз бен ата-анамыздың ортақ жеңісі, – дейді ол.

Ал аралық бақылау мен емтиханды сәтті аяқтаған өзге студенттер жазғы демалыс жоспарын құрып жатса, Халықаралық қатынастар мамандығының білім алушылары алдағы өндірістік тәжірибеге дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Практикалық кезең олардың кәсіби ортаға бейімделіп, болашақ қызмет бағытын тереңірек тануына жол ашады.

– Биылғы оқу кезеңі есте қаларлықтай әсерге толы жыл болды. Түрлі жобаларға қатысып, жаңа ортада тәжірибе жинақтадық. Барлық сынақтардан сүрінбей өтіп, енді курстастарымызбен бірге елордаға өндірістік машықтануға аттанғалы отырмыз. Бұл сапар біз үшін үлкен мүмкіндік әрі болашақ мамандығымызға жасалған маңызды қадам деп ойлаймын, – дейді Халықаралық қатынастар мамандығының 3-курс студенті Ұлжан Анарбаева.

Университет дәліздерінен қорғау мен емтиханнан кейінгі қуанышқа толы күлкі мен жылы лебіздер жиі естіледі. Бұл сәттер студенттік өмірдің ең жарқын әрі ұмытылмас кезеңі. Көптеген түлектер алдағы уақытта магистратурада білімін жалғастырып, ғылым жолында ізденуді жоспарлайтынын жеткізді.

Абай университетінің биылғы түлектері білім сапасының жоғары екенін нақты іспен дәлелдеп, ұлттық білім беру жүйесіне жаңа серпін қосуға дайын. Осынау шуақты күндер – жас мамандардың үлкен өмірге жасаған алғашқы сенімді қадамы. Бұл маусым университет тарихында тағы бір жемісті әрі жарқын жыл ретінде сақталары анық.

«Abai University» медиа орталығы