14.05.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ ШОТА РУСТАВЕЛИ МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Абай университеті Филология факультетінің аға оқытушысы, белгілі жазушы әрі алаштанушы ғалым Әлібек Байбол Шота Руставели атындағы алтын медальді иеленді. Бұл марапат қаламгерге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы аясында жарық көрген «Тифлистегі қаламгерлер тағдыры» атты зерттеу еңбегі үшін табысталды.
«Қазақстан жазушыларының
ТМД елдері архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» атты ауқымды бастама жазушы, ғалым
Әлібек Байболға 2025 жылы қыркүйекте Гүржістанға ғылыми-ізденіс сапарына баруға
мүмкіндік берді. Әдебиеттанушы ғалым Тбилисидегі Орталық мемлекеттік әдебиет
және өнер архивінен, сондай-ақ кинофотофоноқұжаттар архивінен 1930-1935 жылдар
аралығындағы қазақ-грузин әдеби байланысына қатысты бұрын-соңды жарияланбаған
тың деректер тапқан. Бұл ізденістердің нәтижесінде дүниеге келген «Тифлистегі
қаламгерлер тағдыры» кітабы миниатюралық-хроникалық эсселер форматында жазылып,
қос халықтың рухани үндестігін жаңа қырынан ашты.
Зерттеу еңбегінде автор
Абай мен Шота Руставели, Ахмет Байтұрсынұлы мен Ілия Чавчавадзе, Мағжан Жұмабай
мен Важа Пшавела сияқты ұлттық әдебиет алыптарының шығармашылық параллельдерін
ғылыми зерделейді. Сонымен қатар, 1930-жылдардағы тоталитарлық жүйенің қыспағында
қалған қаламгерлердің ұқсас тағдырлары, қыпшақ дәуірінен тамыр тартатын тарихи
байланыстар мен театр өнеріндегі ортақ соқпақтар да туындының өзегіне айналған.
Әлібек Байболдың пайымдауынша, географиялық қашықтыққа қарамастан, қазақ пен
грузин жұрты – тарихи сана мен тағдыр-талайы жағынан өте жақын, іштей сабақтас
халықтар.
Грузия астанасы Тбилисиде
5-10 мамыр күндері өткен халықаралық әдеби форумда жиырмаға жуық елдің
қаламгерлері мен зерттеуші ғалымдары бас қосты. Оның ішінде Италия, Израиль,
Түркия және Германияның да беделді жазушылары қатысты. Халықаралық іс-шарада
Абай университетінің аға оқытушысы, жазушы Әлібек Байболдың «Тифлистегі
қаламгерлер тағдыры» атты жаңа кітабын әдеби
сарапшылар жоғары бағалады.
Сондай-ақ, бұл
фестивальге 2024-2026 жылдарға арналған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
Ғылым комитетінің Грузия әдебиетіне қатысты гранттық жобасы аясында Абай
университетінің ғалымдары мен оқытушылары қатысып, сөз сөйледі. Атап айтқанда,
Сәуле Абишева, Самал Серікова, Дина Сабирова, Мадина Молдағали және Гүлнар Атембаева
Грузияның Рустави қаласында туып, кейін Қазақстанға қоныс аударған Вахтанг
Гоголадзе есімді автордың шығармашылығын жан-жақты зерделеген болатын.
Форум аясында шетелдік
делегаттар Мцхета, Кахети сияқты тарихи аймақтарды аралап, Александр Чавчавадзе
мен Ованес Туманянның мұражайларына сапарлады.
«Abai University» медиа орталығы