14.05.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА ЖАТАҚХАНА БОЙ КӨТЕРЕДІ
Абай университетінде 500 орындық жаңа студенттік жатақхана салынады. Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп ҚХР-дың Қазақстандағы Шэньси Ихэшенфэнь өнеркәсіптік тобының өкілдерімен кездесіп, жаңа жатақхана салу туралы келісімге келді.
Жаңа жатақхана Алматы қаласындағы Иван Шухов көшесінде, университет меншігіндегі жер телімінде салынады. Онда заманауи тұрғыда секциялық бөлмелер, оқу және демалыс аймақтары, асхана мен қауіпсіздік жүйесі болмақ. Қазіргі заман үлгісіндегі жабдықтар қойылып, білім алушылардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалады. Ғимаратта студенттерге керек түрлі қажеттіліктермен қатар, оқу залы, әлеуметтік нысандар да орналаспақ.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының басшылығымен кездесуде студенттерді жатақханамен қамту мемлекет үшін маңызды басымдық екенін назарға алғаны белгілі. Студенттік жатақханаларды салу және жаңғырту, сондай-ақ сұранысты ескере отырып дамытуды оңтайлы жоспарлау үшін университеттерге кәсіпкерлермен белсенді әріптестікті орнату тапсырылған.
Соған сәйкес Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп ҚХР-дың Қазақстандағы Шэньси Ихэшенфэнь өнеркәсіптік тобының өкілдерімен кездесіп, ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталған компания жатақхана құрылысына инвестор ретінде тартылып отыр. Оқу орнының басшылығымен өткен кездесуде компанияның бас директоры Лю Цзун Цзян Абай университетінің ғылыми әлеуеті мен тарихи маңызын жоғары бағалайтындарын жеткізді. Бұл еліміздің тұңғыш университетінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ерекше тарту болмақ.
– Біз Абай университетінің тарихымен және ғылыми әлеуетімен бұрыннан таныспыз. Меморандум біздің ниетімізді нақты іске ұластырудың бастамасы болмақ. Біз өз қаржылық мүмкіндіктерімізді, озық технологияларымызды ұсынбақпыз, – дейді компания басшысы.
Сонымен қатар университет қолданыстағы жатақханаларды жаңғырту жұмыстарын да қолға алмақ. Биыл Абай көшесі, 56В мекенжайында орналасқан №5 жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Одан бөлек төрт жатақхананы қайта жаңарту бойынша жоба әзірленіп жатыр.
Қазіргі таңда Абай университетінде 13 жатақхана бар. Оның ішінде бесеуі университеттік, 8 жатақхана жалдамалы келісім-шарт негізінде жұмыс істейді. Жыл сайын студенттер санының артуына байланысты жатақханаға деген сұраныс жоғары болып отыр. Университет негізінен өңірлерден келген студенттерге басымдық беріп, бірінші курс білім алушыларын жатақханамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі.
«Abai University»
медиа орталығы