АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ЦИФРЛЫҚ ЖІБЕК ЖОЛЫ» ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгін Абай университетінде Қытай Халық Республикасынан келген ЦинДао университетінің өкілдерімен стратегиялық кездесу өтті. Жиын аясында трансшекаралық экономикалық және сауда деректерін әзірлеуге арналған ауқымды семинар өтіп, екі ел арасындағы цифрлық интеграцияның жаңа кезеңіне жол ашылды. Іс-шара барысында Халықаралық трансшекаралық қашықтықтан білім беру практикалық орталығы, сондай-ақ ШЫҰ демонстрациялық аймағының Құқықтық қызмет көрсету орталығының тұсауы кесілді.


Басқосуға Шаньдун провинциясы және Циндао қаласының Интернет-ақпарат істері басқармасы, Қытай – ШЫҰ жергілікті экономикалық және сауда ынтымақтастығы демонстрациялық аймағының әкімшілігі мен Абай университетінің басшылығы қатысты. Жиында трансшекаралық сауданы талдаудың заманауи модельдерін енгізу мен ортақ деректер қорын қалыптастыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Бүгінгі таңда жүйелі геоақпараттық негізсіз заманауи логистиканы реттеу, қоғамдық көлік бағдарларын оңтайландыру және халықаралық электрондық коммерцияны дамыту мүмкін емес. Сондықтан аталған сандық бағыттарды кешенді түрде ілгерілету кездесуде басым міндет ретінде белгіленді.


Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі навигациялық қызметтердің сапасы да геоақпараттық негізге тікелей байланысты. Еліміз үшін бұл өте өзекті мәселе, себебі елдегі ашық геоақпараттар қоры әлі де толық емес. Ал олардың сапасын бақылайтын бірыңғай институционалдық жүйе қалыптаспаған. Осы мақсатта Абай университеті халықаралық деңгейдегі цифрлық хаб құруға ниетті екенін жеткізді.


Семинарда тұсауы кесілген Трансшекаралық қашықтықтан білім беру орталығы мен Құқықтық қызмет көрсету станциясы екі мемлекет арасындағы кәсіпкерлік қатынастардың қауіпсіздігін нығайтпақ. Бұл құрылымдар трансшекаралық бизнес өкілдеріне құқықтық кеңес беріп, сауда-саттықтың заң аясында жүруіне жағдай жасайды.


ШаньДун провинциясының Партия комитеті Интернет-ақпарат басқармасы директорының орынбасары Чжао Шулин бұл бастаманың қос ел арасындағы цифрлық білім алмасуға серпін беретінін атап өтті. Бұған қоса, Шанхай ынтымақтастық демонстрациялық аймағының заңгерлік қызмет көрсету станциясы мен «Шаньи Чжунлунь» заң фирмасының кеңсесі ресми түрде іске қосылды. Аталған нысандар кәсіпкерлерге заңнамалық көмек көрсетіп, алыс-беріс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.


Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп бұл жобалар жас мамандардың халықаралық стандарттар бойынша тәжірибе жинақтап, деректер аналитикасын меңгеруіне үлкен мүмкіндік беретінін алға тартты.


Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, сапалы геодеректер инфрақұрылымы әдетте ірі академиялық орталықтар мен зертханалар базасында дамиды. Мәселен, Германияның Гейдельберг университеті немесе Канаданың көлік зертханалары осы бағытта жаһандық деңгейде жұмыс істеп отыр. Орталық Азия елдерінің ішінде халықаралық YouthMappers желісіне әзірге тек Қырғызстанның бір университеті ғана тіркелген. Енді Абай университеті осы жүйеге қосылып, Қазақстанның атынан алғашқы инновациялық алаң болуды көздеп отыр.


ЦинДао қаласы Интернет-ақпарат басқармасы директорының орынбасары Ван СяоФэн мен өзге де мәртебелі меймандар екіжақты қарым-қатынастардың тек экономикалық бағытта ғана емес, интеллектуалды сипаты басым екенін жеткізді. Жаңадан ашылған орталықтар жас мамандардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауына, ақпаратты өңдеу мен сауда аналитикасын меңгеруіне мүмкіндік береді.


Қазақстан мен Қытайдың бұл серіктестігі – логистикалық дәліздерді цифрландыру, ГАЖ (GIS) және жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай ортақ деректер қорын жасауға бағытталған интеллектуалды қадам. Цифрлық Жібек жолының негізі дәл осындай желілік жергілікті нысандардан бастау алады.

«Abai University» медиа орталығы