ӘСКЕРИ АНТ ҚАБЫЛДАУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Абай университетінің студенттері еліміздің әскери қызметін  нығайту ісіне үлес қоспақ. Бүгін оқу ордасының әскери кафедрасында тәлім алған шәкірттер салтанатты түрде әскери ант қабылдап, Отанға адал қызмет етуге серт берді. Ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауды мақсат еткен 271 жас сарбаз Қарулы күштер қатарын толықтырып, жауапкершілігі мол кезеңге қадам басты.

Арнайы дайындықтан өткен 271 түлектің қатарында 161 запастағы офицер және 110 сержант бар. Теориялық білім мен практикалық дағдыны ұштастырған жас буын мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған нақты міндеттерді орындауға толық дайын.


Салтанатты ант қабылдау іс-шарасына университет басшылығы, әскери кафедраның ардагерлері, Ауған соғысының қаһармандары мен жас сарбаздардың туыстары қатысты. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп сап түзеген жастарды құттықтап, оларға жүктелген тарихи жауапкершіліктің мол екенін жеткізді. Әскер қуаты тек қару-жарақпен емес, білімді офицер мен рухы биік сарбаздың қажыр-қайратымен өлшенетінін атап өтті.


– Сіздер бүгін ант қабылдап қана қоймай, ата-баба аманатын арқалап, егемен елдің нағыз қорғанына айналдыңыздар. Өздеріңізге жүктелген бұл міндет – мемлекетіміздің тұтастығының негізі. Қадамдарыңыз нық, серттеріңіз берік болсын, – деді ректор.


Алаңда жауынгерлер саптық шерумен жүріп, тәртіп пен жоғары дайындық деңгейін паш етті. Офицерлердің бекзат болмысы мен талғампаздығы жиналған қауымды тәнті етіп, әскери қызметтің тек қатаңдықпен шектелмейтініне куә болды.


Айта кеткен жөн, Абай университетінің әскери кафедрасы 1998 жылы ашылып бұған дейін 8 мыңға жуық түлекті даярлап, офицерлік құрамға қосқан. Білім ордасынан қанат қаққан жас мамандар тек кәсіби шеберлігімен ғана дараланбай, ұлтжандылық қасиетімен де ерекшеленеді. Отан алдындағы қызмет олардың мінезін шыңдап, мемлекетшілдік ұстанымын бекемдейтін маңызды кезең болмақ. Бүгінгі жас офицерлер – ертеңгі ел тірегі. Олардың әрбір қадамы мемлекеттің қауіпсіздігі мен халқымыздың бақуатты өмірі үшін қызмет ететініне сенім мол.

 «Abai University» медиа орталығы