06.05.2026
СПОРТ ПЕН ӨНЕР ҮНДЕСТІГІ
Абай университеті
музейінің жетекшісі, белгілі
суретші Еркін Қайшыбектің Тараз қаласында «Ер атағын ел сақтар» атты
шығармашылық көрмесі ашылды. Экспозиция көпшілік назарына Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің
«Көркемсурет» галереясында ұсынылды.
Жоба авторы – педагог, кәсіби суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Еркін Қайшыбек
өз туындыларын атақты спорт саңлақтарының мерейтойларына арнаған. Көрмеге Қажымұқан Мұңайтпасовтың 155 жылдығы мен
олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің 75 жылдығына орайластырылған
картиналар қойылды.
Еркін Базарғалиұлының шығармашылығындағы спорт тақырыбы
кездейсоқ таңдалмаған. Суретші өзі де грек-рим күресінен спорт шебері атағына
ие, салауатты өмір салтын ұстанатын жан. Оның туындыларының ерекшелігі – бір қарағанда бір-біріне алшақ
көрінетін спорт пен өнердің тоғысын таба білуінде. Мұны қазақ балуандарының
күші мен еркіндігін жеткізетін әсерлі суреттері дәлелдейді. Автор көркем
туындылары арқылы қозғалыс
динамикасын және адамның
ерік-жігерінің қуатын сезіндіреді.
«Ер атағын ел сақтар» көрмесінің ашылуы салтанатты түрде өтті. Суретшіге Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының атынан алғыс хат табысталды. Авторлық көрмеде жалпы 40-тан астам түпнұсқа жұмыс ұсынылған. Шығармашылық жобамен 20 мамырға дейін танысуға болады.
Айта кетейік, қазақ балуандарына арналған көрмесі бұған дейін алматылықтардың назарына ұсынылған болатын. Абай атындағы ҚазҰПУ музейінде 50-ден астам әртүрлі картиналары қойылды. Атап айтқанда, Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, «екінші Қажымұқан» атанған Әбілсейіт Айханов және әйгілі балуан Дәулет Тұрлыханов бейнелері көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар Балуан Шолақ пен Иманжүсіп Құтпанұлының портреттері де экспозициядан орын алған еді.
«Abai
University» медиа орталығы