17.04.2026
АУДАРМА САПАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ
Қазіргі жаһандану жағдайында аударма ісі қоғамның түрлі салаларын байланыстыратын маңызды құралдардың біріне айналды. Әсіресе бүгінгі жасанды интеллект дамыған заманда ғылым, білім беру және мәдениетаралық коммуникация кеңістігінде сапалы аударманың рөлі ерекше. Осы тұрғыдан алғанда аударма теориясын дамыту және аударманың сапасын жүйелі бағалау мәселесі бүгінгі аударматану ғылымының өзекті бағыттарының бірі болып отыр. Осы талаптарға жауап беретін еңбектердің қатарында бір топ ғалымның жақында ғана жарыққа шыққан «Аударма сапасын бағалау: оқыту саласы» атты оқу-әдістемелік құрал ерекше назар аудартады.
Аталған еңбектің негізгі мақсаты – аударма сапасын бағалау мәселесін
ғылыми-теориялық тұрғыдан негіздеп, оқу үдерісінде қолдануға арналған жүйелі
әдістемелік үлгіні ұсыну. Кітап авторларының бірі Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
А.Қ.Жұмабекова аударматану ғылымындағы маңызды мәселелердің бірі – аударманың
сапасын анықтау мен оны бағалау критерийлерін нақтылау қажеттігін алға тартады.
Бұл мәселе тек теориялық қана емес, практикалық тұрғыдан да аса маңызды, себебі
аударма мәтінінің сапасы оның мазмұнын, стилистикалық ерекшелігін және
коммуникативтік қызметін толық жеткізуімен өлшенеді.
Кітаптың алғы сөзінде авторлар еліміздегі аударма ісінің соңғы жылдары қарқынды
дамып келе жатқанын атап өтеді. Әсіресе әртүрлі жанрдағы әдебиеттердің қазақ тіліне
аударылуы, соның ішінде ғылыми және оқу әдебиеттерінің көптеп жариялануы
аударматану саласының жаңа кезеңге өткенін, бұл үрдіс мемлекеттік бағдарламалар
мен түрлі ғылыми жобалардың нәтижесінде жүзеге асып жатқанын авторлар нақты
мысалдар арқылы дәлелдейді. Соның ішінде гуманитарлық ғылымдар саласындағы
көптеген еңбектердің қазақ тіліне аударылып, жоғары оқу орындарының оқу
процесіне енгізілуі ерекше аталады. Сонымен қатар кітапта аударма сапасын
бағалау мәселесінің ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде зерттелмей келгені де
айтылады. Бұған дейін аударма сапасы көбіне субъективті пікірлер арқылы
анықталып келді. Яғни аударма мәтіндері «жақсы» немесе «нашар» деген жалпылама
бағалаумен шектеліп, ғылыми критерийлер мен нақты әдістемелік өлшемдер
жеткілікті деңгейде қалыптаспады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында
авторлар аударма сапасын бағалаудың ғылыми негіздерін қарастырып, нақты
әдістемелік жүйе ұсынған.
Еңбектің тағы бір маңызды ерекшелігі – оның оқу процесіне бағытталғандығында
болып отыр. Авторлар аудармашыларды даярлау барысында аударма сапасын бағалау
әдістемесін қолданудың маңыздылығына назар аударған. Қазіргі қоғамда бірнеше
тілді меңгерген кәсіби аудармашыларға сұраныстың жоғары екендігі белгілі.
Әсіресе қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мамандарға деген
қажеттілік ерекше байқалады. Осыған байланысты жоғары оқу орындарында
аудармашыларды даярлау жүйесінде аударма сапасын бағалау пәнін енгізу
қажеттілігі туындайды. Кітапта ұсынылған әдістеме аударма сапасын ішкі және
сыртқы бағалау жүйесіне негізделген. Ішкі бағалау аударма мәтінінің тілдік,
стилистикалық және мазмұндық ерекшеліктерін талдауға бағытталса, сыртқы бағалау
аударманың коммуникативтік тиімділігі мен қабылдану деңгейін анықтауға
мүмкіндік береді. Мұндай кешенді тәсіл аударманың сапасын жан-жақты бағалауға
жағдай жасайды.
Еңбекте ұсынылған әдістеменің тағы бір артықшылығы – практикалық материалдармен
толықтырылуында. Авторлар зерттеу барысында «Ұлттық аударма бюросы»
бағдарламасы аясында жарық көрген бірнеше оқулықтың аудармасын талдау нысаны
ретінде алған. Бұл оқулықтардың қатарында тіл білімі, әдебиет теориясы және тіл
тарихы сияқты маңызды ғылыми еңбектер бар. Мұндай материалдарды таңдау
зерттеудің ғылыми негізділігін арттырып, ұсынылған әдістеменің нақты мысалдар
арқылы түсіндірілуіне мүмкіндік береді.
Зерттеу барысында авторлар аударма мәтіндерін лингвистикалық және
аударматанулық тұрғыдан жан-жақты талдайды. Бұл талдау барысында аударма
стратегиялары, аудармадағы қателердің типологиясы және түпнұсқа мәтін мен
аударма мәтіннің сәйкестік деңгейі қарастырылған. Мұндай тәсіл аударма сапасын
бағалаудың ғылыми негізделген үлгісін қалыптастыруға көмектеседі.
Кітаптың құрылымы да жүйелі түрде жасалған. Бірінші тарауда аударма сапасын
ішкі бағалау мәселелері қарастырылып, аударма стратегияларын таңдау, аударма
қателерінің түрлері және мәтінді алдын ала талдау әдістері түсіндіріліп,
түпнұсқа мен аударма мәтінді салыстыра талдау үлгілері ұсынылған. Теориялық
мәліметтер нақты мысалдар арқылы жеткізіліп, студенттердің өздігінен жұмыс істеуіне
арналған тапсырмалар мен сұрақтар берілген.
Ал екінші тарауда аударма сапасын сырттай бағалау мәселелері қарастырылады.
Мұнда аударма мәтінінің қабылдану деңгейін анықтауға арналған жаттығулар мен
сауалнамалар ұсынылады. Бұл тәсіл аударманың тек тілдік сапасын ғана емес, оның
коммуникативтік тиімділігін де анықтауға мүмкіндік береді.
Кітап авторлары А.Қ.Жұмабекова, Н.Р.Шеңгелбаева, А.М.Куркимбаева, А.Л.Оспанова
және А.З.Мұхитов ұсынған бұл оқу-әдістемесі оқытушылар мен студенттер үшін
пайдалы құрал. Әсіресе аударма ісін оқыту барысында бұл әдістеме студенттердің
аудармашылық дағдыларын дамытуға және аударма мәтіндерін кәсіби тұрғыдан
талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл еңбек аударматану саласында ғылыми
зерттеулер жүргізуге де негіз бола алады.
Жалпы алғанда, «Аударма сапасын бағалау: оқыту саласы» оқу-әдістемелік құралы
аударматану ғылымының өзекті мәселелерінің бірін қарастыратын маңызды еңбек.
Кітапта ұсынылған теориялық тұжырымдар мен практикалық әдістемелер аударма
сапасын бағалау жүйесін жетілдіруге және аудармашыларды даярлау процесін
дамытуға зор үлес қосады.
Қорытындылай келе, аталған оқу-әдістемелік құрал аударматану ғылымының дамуына
елеулі үлес қосатын, ғылыми және практикалық маңызы жоғары еңбек деп бағалауға
болады. Бұл кітап филология факультеттерінің студенттері, аударма ісімен
айналысатын мамандар, сондай-ақ аударма теориясына қызығушылық танытатын
зерттеушілер үшін пайдалы әрі құнды ғылыми еңбек болып саналады.
Жылбек КЕРІМБЕК,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің аға
оқытушысы, PhD