ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ШЕРУ ӨТТІ

Абай университетінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ауқымды әскери-патриоттық шеру ұйымдастырылды. Айтулы іс-шараға университет басшылығы, Офицерлер одағының өкілдері мен Ауған соғысының ардагерлері арнайы қатысып, жас буынның отансүйгіштік рухын арттыруға бағытталған игі бастаманың куәсі болды. Жиын мерекелік бағдарламамен шектелмей, болашақ қорғаныс жетекшілері мен педагогтердің кәсіби біліктілігін сарапқа салған эстафетаға ұласты.


Айбынды шерудің бағдарлама мазмұны төрт бөлімді қамтыды. Оның аясында салтанатты әскери сап түзеу, спорттық-қолданбалы шеберлік көрсетілімдері, заманауи қару-жарақ пен техника көрмесі, сондай-ақ білім алушылар арасындағы тартысты тактикалық сайыс өткізілді. Айта кету керек, биылғы Отан қорғаушылар күні Абай университеті үшін елеулі нәтижемен қатар келді. Өйткені 16-17 сәуір аралығында Тараз қаласында өткен Бастапқы әскери дайындықты оқыту әдістемесі бойынша 17-ші Республикалық олимпиадада 13 команданың ішінен біздің студенттер жүлделі 3 орынды иеленіп, университеттің жоғары дайындық деңгейін көрсетті.


Әскери-патриоттық шеруде Алматы қаласы Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, ҚР ҰҚК Шекара академиясы мен Шекара қызметінің Арнаулы мақсаттағы басқармасы сап түзеп өтті. Олармен бірге Бауыржан Момышұлы атындағы мамандандырылған колледж курсанттары, Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубының спортшылары, №116 жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен «Бөрі» қоғамдық қорының өкілдері де бір сапта адымдады. ҚР ҰҚК арнаулы бөлімшелері мен құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету көріністері думанды бағдарламаның көркін ашып, жиналған қауымға ерекше әсер қалдырды.


Сонымен қатар көрермен назарына заманауи өрт сөндіру техникалары мен арнайы мақсаттағы көліктер шеруі ұсынылды. Алаңға арнайы мотоэкипаждары, Toyota Hilux жеңіл қызметтік және жедел әрекет ету автокөліктері, бұдан бөлек апаттардан қорғау медициналық көліктері шықты. Рәсім барысында 2000 жылы құрылған Қазақстан Қарулы Күштерінің элиталық бөлімшесі – Аэро-десанттық шабуылдаушы әскерлерінің тарихы мен жетістіктері кеңінен насихатталды. Көрме бөлімінде қызметтік жануарлар мен нысанды киім үлгілері таныстырылып, студенттердің жауынгерлік эстафетасымен қорытындыланды.


Мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шаралар мемлекеттік маңызы бар мерекелердің мәнін тереңдетіп, жастардың елжандылығын арттыруға және ел қорғанысын нығайтуға серпін береді. Мұндай бастама жас буынның отансүйгіштік қасиетін қалыптастырып, мемлекет қауіпсіздігін сеніп тапсыратын білікті кадрлар шоғырын даярлауға септігін тигізеді.

«Abai University» медиа орталығы