АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде «Бос орындар жәрмеңкесі – 2026» атты ауқымды іс-шара өтті. Мақсаты – жоғары оқу орнын тәмамдағалы отырған түлектерді жұмыс берушілермен тікелей байланыстырып, олардың кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу. Жәрмеңкеде еліміздің түкпір-түкпірінен 250-жуық мекеме жас мамандарға арналған бос жұмыс орындарын ұсынып, болашақ педагогтарды өздеріне жұмысқа шақырды.

Жәрмеңкенің ашылуында Абай университетінің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова сөз сөйлеп, оқу орнының жұмыс берушілермен серіктестік жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінде университетіміз жұмыс берушілермен жүйелі байланыс орнатқан жетекші оқу орындарының бірі. Өткен жылы 64 мекемемен меморандум жасасақ, биыл бұл көрсеткіш 78-ге жетті. Сонымен қатар 175 білім беру ұйымымен тұрақты келісімшарт негізінде тәжірибе базасы жұмыс істейді. Бұл – сапалы маман даярлаудағы нақты нәтижеміз, – деді Бану Мұқатайқызы.

Сондай-ақ проректор жәрмеңкенің болашақ педагогтар үшін жаңа өмір кезеңіне бастайтын маңызды қадам екенін айтып, сәттілік тіледі.  Іс-шара барысында университет түлегі, Алматы қалалық №171 мектептің директоры Нұрдаулет Серікұлы сөз алып, жас мамандарға қарашаңырақтың берер мүмкіндігі мол екенін алға тартты.

– Біз осы білім ордасында сапалы білім мен тағылымды тәрбие алдық. Ұстаздардан үйренгеніміз кәсіби өмірімізде үлкен рөл атқарды. Табысқа жетудің басты жолы – адал еңбек пен үздіксіз ізденіс, – деді ол сөзінде.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне республиканың әртүрлі өңірінен 250-ге жуық мекеме қатысты. Олардың қатарында мектептер, колледждер, балабақшалар мен білім беру ұйымдары бар. Жұмыс берушілер жәрмеңкеде түрлі бағыттағы 1214 бос жұмыс орнын ұсынды.

Іс-шара аясында mansap-bosoryn.kz цифрлық платформасы таныстырылып, түлектерге онлайн түрде жұмысқа өтінім беру мүмкіндігі іс жүзінде көрсетілді Бұл платформада бос жұмыс орындары жарияланып, бітіруші түлектер тікелей өтінім бере алады. Жіберілген өтінімдер бірден жұмыс берушінің электронды поштасына және WhatsApp байланыс нөміріне жолданады. Сол арқылы жұмысқа орналасу үдерісі жедел, ашық әрі тиімді форматта жүргізіледі.

Айта кетейік, биыл Абай университетін бакалавриат деңгейінде 81 білім беру бағдарламасы бойынша 2800 студент тәмамдайды. Олардың басым көпшілігі шет тілі, қазақ тілі мен әдебиеті және  дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері. Ал 52 мамандық бойынша 688 білім алушы магистр ғылыми дәрежесін алып, еңбек нарығына жол тартпақ. Бітіруші түлектердің шамамен 70 пайызы мемлекеттік білім гранты негізінде оқыған.

«Abai University» медиа орталығы