УНИВЕРСИТЕТ ПЕН МЕКТЕП АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС КЕҢЕЙЕ ТҮСТІ

24 сәуірде Абай университетінің «Пединновациялар және Action Research» орталығы мен Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының бірлесуімен «Яссауи тағылымы: XXI ғасыр құндылықтары мен құзыреттіліктері» тақырыбында IV халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауқымды іс-шараның басты мақсаты – Қожа Ахмет Яссауи іліміндегі «Кемел адам» тұжырымдамасы негізінде білім беру мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік қырларын талқылау болды.

Пленарлық отырыста Түркия мен Орталық Азия елдерінен келген ғалымдармен қатар Абай университетінің өкілдері де мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, профессор Айман Берикханова, «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, профессор Жомарт Симтиков және яссауитанушы ғалым А.Д. Мейрманов қазіргі білім беру кеңістігіндегі рухани-адамгершілік құндылықтардың маңызына тоқталды.

Конференция аясында Абай университеті мен №123 мектеп-гимназиясы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі тарап арасындағы кәсіби байланысты жаңа деңгейге көтеріп, бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасуға жол ашты.

Мектеп директоры Бағила Масимахынқызы мен оқу ісі жөніндегі орынбасары Райхан Манапқызы оқу жылы барысында орталық ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстары мен әдістемелік семинарлардың маңызын атап өтіп, алғыстарын білдірді.

Сонымен қатар орталықтың ментор-зерттеушілері – Г. Рашева, Р. Сейтказиев, М. Искакова және Б. Қадырбаева конференция секцияларында модераторлық етіп, өздерінің ғылыми-әдістемелік тәжірибелерімен бөлісті.

Академиялық білім мен мектеп тәжірибесін ұштастыруға бағытталған бұл серіктестік алдағы уақытта да жалғасып, білім беру сапасын арттыруға ықпал етпек. 

«Abai University» медиа орталығы