КӨПТІЛДІ БІЛІМ БЕРУ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІҢ КЕПІЛІ

Бүгін Абай университетінің Әлем тілдері факультетінде талапкерлер үшін «Көптілді білім беру – кемел келешектің кепілі» атты ашық есік күні өтті. Мектеп оқушылары мен ұстаздары арнайы келіп факультеттің білім беру бағдарламалары, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері және шет тілдері оқыту жүйесімен танысты.

Іс-шараны Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректорының кеңесшісі Хайрулла Нышанұлы ашып беріп, оқу ордасының ғасырлық тарихы мен үздік педагогикалық қара шаңырақ екенін атап өтті. Университеттің жаһандық жоғары білім беру жүйесіндегі жетістіктері мен білім алушылардың мол мүмкіндіктерін алға тартты. Кәсіптік бағдарлау бөлімінің басшысы Нұрмахан Әуесбекұлы талапкерлердің ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша пәндік комбинациялары мен шекті баллдарын таныстырды. Оқуға қабылдау жүйесі мен құжат тапсыру мерзімін, оқытылатын мамандықтар мазмұнын жеткізіп, кәсіби бағдар берді.

Әлем тілдері факультетінің кафедра меңгерушілері әрбір кафедрадағы білім беру бағдарламаларын, олардың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін ашып көрсетті. Ағылшын, араб, француз, қытай, парсы тілдері бойынша оқытылатын мамандықтардың заман талабына, қоғамның сұранысына сай екенін жеткізді. Аталған тіл мамандары мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, білім беру, халықаралық қатынастар, отандық және шетелдік компанияларда жұмыс істей алатыны оқушыларға түсіндірілді.

Сондай-ақ Абай университетінде оқитын студент академиялық ұтқырлық аясында шетелдік жоғары оқу орындарында маусымдық білім алу мүмкіндіктері қарастырылды. Қазіргі таңда, өзге мемлекеттерде қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша білім алушыларды көрсетіп, университеттің халықаралық әлеуетін көрсетті. Әлем тілдері факультетінің оқытушы-профессорлар қауымының ғылыми әлеуеті, магистратура-докторантура кезеңдері бойынша оқуын жалғастырудың кең жолы қалыптасқаны айтылды.

Іс-шара барысында талапкерлер көкейдегі сауалдарын қойып, факультеттің тыныс-тіршілігімен танысты. Студенттік өмірдің қалай өтетіні және мәдени-шығармашылық бағыттағы ұйымдар туралы сұрақтарға да белсенді студенттер жауап берді. Жиын соңында оқушыларға мамандық таңдауға жол көрсетіп, университетпен тығыз байланыс орнатқан мектеп мұғалімдеріне алғыс хат табысталды.

«Abai University» медиа орталығы