АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН MARIA MONTESSORI ОРТАЛЫҒЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

24 сәуір күні Абай атындағы ҚазҰПУ халықаралық әріптестікті дамыту бағытында маңызды қадам жасады. Университетке «Maria Montessori» халықаралық білім беру орталығының өкілдері арнайы сапармен келіп, екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылап, меморандумға қол қойды.

Мәртебелі меймандар қатарында Италия-Қазақстан Сауда палатасының президенті Джулио Аматуччи, «Maria Montessori» халықаралық орталығының мектептер желісіндегі оқу және білім беру қызметін үйлестіруші Валерия Маццетти, сондай-ақ орталықтың директорлар кеңесінің мүшесі Мария Росси бар. Делегация мүшелері университет музейін аралап, білім ордасының қалыптасу кезеңдерімен және педагогикалық дәстүрлерімен танысты.

Кездесуде университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп оқу орнының білім беру жүйесі, педагог кадрларды даярлау тәжірибесі және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмыстары туралы кеңінен баяндады. Проректорлар мен факультет басшылары өз салалары бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беру жүйесіне Montessori әдістемесіне негізделген бағдарламаларды енгізу, педагогтарды халықаралық стандарттарға сай даярлау, тәжірибе алмасу және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл бағыттардың қазіргі білім беру жүйесін жаңғыртуда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Италияның Перуджа қаласында орналасқан Maria Montessori International Centre – әлемдегі ең көне Монтессори білім беру орталықтарының бірі. Оның негізі XIX ғасырда қаланып, 1909 жылдан бастап Монтессори әдістемесі бойынша жұмыс істей бастады. 1950 жылы Мария Монтессори өзі педагогтарды даярлауға арнайы сынып ашқан. Бүгінде орталық балабақша, мұғалімдерді даярлау бөлімі, зерттеу орталығы және халықаралық бағдарламаларды біріктіретін кешен ретінде қызмет атқарады.

Орталықтың білім беру жүйесі баланың жеке ерекшеліктерін дамытуға, дербес әрекетіне, сенсорлық тәжірибесіне және сыни ойлау қабілетін арттыруға бағытталған. Мұнда 0-12 жас аралығындағы балаларға арналған бағдарламалармен қатар, педагогтарға арналған халықаралық сертификаттау курстары (AMI/AMS стандарттары) ұсынылады. Сонымен бірге орталық Association Montessori Internationale және American Montessori Society ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Кездесу қорытындысында тараптар әріптестікті нығайтуға өзара дайын екенін білдіріп, болашақта бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға қызығушылық танытты. Екіжақты ынтымақтастықты ресми түрде бекітіп, меморандумға қол қойды.

«Abai University» медиа орталығы