24.04.2026
ШЫҒЫС ПЕН БАТЫС: ТІЛ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АУДАРМА ТОҒЫСЫ
23 сәуір күні Абай университетінде «Шығыс пен Батыс кеңістігіндегі тілдер мен
мәдениеттер: филология және аударма мәселелері» атты халықаралық
ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Ғылыми
жиын қазіргі жаһандану жағдайында тілдер мен мәдениеттер арасындағы өзара
ықпалдастықты, аударматанудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылауға бағытталды.
Конференцияның басты
тақырыбы – Шығыс пен Батыс өркениеттері арасындағы
тілдік және мәдени диалог, филологиялық зерттеулердің жаңа бағыттары және
аударма ісіндегі заманауи тәсілдер. Тіл
тек қатынас құралы ғана емес, ол – мәдени код, ұлттық
дүниетанымның көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, әртүрлі тілдердегі мәтіндерді
сапалы аудару, мәдени ерекшеліктерді дәл жеткізу ғылым
мен тәжірибеде аса өзекті мәселелердің бірі.
Алқалы жиында тілдер мен мәдениеттердің
өзара байланысы ғылыми тұрғыдан талданып, аударма
теориясы мен практикасының өзекті мәселелері анықталды. Заманауи технологиялардың аударма үдерісіне ықпалына зерттеу жасалып, көптілді кеңістікте терминологияны
қалыптастыру және бейімдеу мәселелерін қарастырылды.
Секция отырысындағы баяндамалардың бірі ғылыми фантастикадағы
неологизмдер мен жалған ғылыми терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесіне
арналды. Бұл зерттеу қазіргі әдебиеттегі жаңа сөздер мен ұғымдарды ұлттық тілге
бейімдеудің күрделілігін көрсетеді. Автор аударма барысында семантикалық дәлдік
пен мәдени сәйкестіктің маңызын атап өтті. Сонымен
қатар қазақ ертегілерін тақырыптық, құрылымдық және құндылық тұрғыдан талдауға арналған жұмыс ұлттық
фольклорды заманауи ғылыми әдістер арқылы қайта қарастырудың өзектілігін
айқындады. Бұл зерттеу ұлттық дүниетанымды сақтаудағы тілдің рөлін көрсетеді.
Фольклорлық
мәтіндердегі символдық бейнелерді ұлттық код ретінде қарастыру мәселесі де
маңызды ғылыми бағыттардың бірі. Аталған тақырып
мәдениетаралық коммуникацияда символдардың маңызын көрсетеді. Араб және қазақ тілдеріндегі сандық
фразеологизмдерді салыстыруға арналған баяндама лингвомәдени кодтардың
ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтауға бағытталды. Мұндай зерттеулер
тілдер арасындағы ортақ мәдени негіздерді түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар түркі тілдеріне қатысты зерттеулер де жиналған қауымның назарына ұсынылды. Мысалы,
Қазақстандағы ұйғырлар туралы далалық зерттеулер, ноғай тіліндегі көптік және
бірлік формалары, сондай-ақ тува тіліндегі микротопонимдер туралы баяндамалар
түркітану ғылымының өзекті мәселелерін көтерді.
Зерттеушілер мен сарапшылар жиынындағы маңызды мәселенің бірі –цифрлық дәуірдегі
аудармашыларды даярлау туралы сөз болды.
Заманауи технологиялар, соның ішінде машиналық аударма жүйелері, аудармашының
кәсіби қызметіне айтарлықтай әсер етуде. Осыған байланысты зерттеушілер
машиналық аударманың мүмкіндіктері мен шектеулерін, сондай-ақ интерпретациялық
факторларды қарастырды. Инженерлік
терминологияны үш тілде (ағылшын–орыс–қазақ) бейімдеу мәселесі де ерекше назар
аудартты. Ғылыми-техникалық мәтіндерді аудару барысында терминологиялық жүйенің
бірізділігі мен түсініктілігін сақтау басты талаптардың бірі.
Әдеби аударма
мәселелері де назардан тыс қалмады. Қазіргі ағылшын
тіліндегі лингвомәдени бірліктерді орыс тіліне аудару, авторлық лексиканы
жеткізу стратегиялары, сондай-ақ көркем мәтіндегі эмоциялық идиомалардың рөлі
туралы баяндамалар аударманың тек тілдік емес, мәдени үдеріс екенін дәлелдейді.
Аталған конференция филология және аударма салаларындағы өзекті ғылыми мәселелерді талқылауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды. Жиын барысындағы баяндамалар тілдер мен мәдениеттердің өзара байланысын жаңа қырынан ашып, аударма ісінің болашағына бағыт-бағдар берді. Қорыта келгенде, конференция нәтижелері қазіргі ғылымдағы пәнаралық байланыстардың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Тіл, мәдениет және аударма – бір-бірімен тығыз байланысты күрделі жүйе екені айқындалып, болашақ зерттеулерге жаңа серпін берді.
"Abai University" медиа орталығы