24.04.2026
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЯСЫНДА АРША АҒАШТАРЫ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Foundation
факультеті «Таза Қазақстан» экологиялық
акциясы аясында оқу ғимараттарының ауласына арша ағашын отырғызып, көгалдандыру
жұмыстарымен айналысты. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
тапсырмасымен бекітілген 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан»
тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның мақсаты – қоршаған ортаның сапасын жақсарту, жас ұрпақтың
арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық бастамаларды қолдау және
оларды іске асыру үшін жағдай жасау. Акция аясында факультет оқытушылары
мен студенттері
белсенділік танытып, университеттің бас оқу ғимараты мен Жаратылыстану
және география факультетінің ауласына 10 түп арша ағашын отырғызды.
Аталған іс-шараға қатысушылар қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың ортақ
міндеті екенін атап өтіп, мұндай экологиялық акциялардың алдағы уақытта да
жалғасын табатынына сенім білдірді.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі мақсаттары мен бағыттары қоғамда
экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, табиғатты аялау
мәдениетін әрбір азаматтың өмір салтына айналдыру, экологиялық ойлау мен
жауапты әрекеттерді қалыптастыру.
Сонымен қатар, маңызды бағыттардың бірі – экологиялық білім мен ағарту
жұмыстарын балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейде
жүйелі түрде жүргізу. Сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру, жасыл желектерді
көбейту және қоршаған ортаның сапасын жақсарту да негізгі міндеттер қатарында.
Айта кету керек, Абай университетінде «Таза Қазақстан» жобасы аясында жыл
бойы сенбіліктер ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға
бағытталған іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Осындай игі бастама барысында
студент жастар оқу ғимараттары мен жатақханалардың айналасын ретке келтіріп,
көгалдарды қоқыстардан, жапырақтардан және сынған бұтақтардан тазартып, ағаш
отырғызып, табиғатты қорғау акцияларына белсене атсалысып келеді.
«Abai University» медиа орталығы