23.04.2026
«КІТАПХАНА ТҮНІ» ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Бүгін Абай университетінде «Abai
Night: кітапханадағы рух пен ой» тақырыбында мәдени-танымдық кітапхана түні іс-шарасы
өтті. Студенттердің интеллектуалдық әлеуетін көтеруді көздеген кеште кітапхананың
ішкі асханасы жаңаша қырынан ашылып, жастардың еркін шығармашылық алаңы екенін
көрсетті. Дәстүрлі академиялық форматтан шығып, заманауи
креативті бағытты ұстанған кеш білім ордасының тынысын тағы бір мәрте айқындап
берді.
Кеш шымылдығын кітапхананың бас
эксперт-менеджері Толқын Сағымбаева ашып, кітапханашы мамандығының қоғамдағы
мәртебесі мен оқырманға жол көрсетер «рухани шамшырақ» екенін жеткізді. Ол өз
сөзінде кітапхананың жай ғана ақпарат қоймасы емес, ұлттық болмыс пен
парасаттылықтың мекені екенін атап өтті. Салтанатты ашылу рәсімінен соң
бағдарламаның интеллектуалдық және өнер бөлімі қатар өрбіді. «Абайдың сөзі –
жүректің көзі» атты мәнерлеп оқу сайысында студенттер хәкім Абайдың өлмес
өлеңдерін тебіреніспен жеткізсе, Әлинұр Қайсарбек мен Бекнұр Орынбектің орындауындағы
күмбірлеген күйлер кештің еңсесін тіктей түсіп, көрерменді ұлттық өнердің
тылсым әлеміне жетеледі.
Іс-шара барысында кітапхана қорын
цифрландыру және заманауи ақпараттық ресурстарды тиімді қолдану бағыттарына
ерекше назар аударылды. Студенттер әлемдік деңгейдегі электронды дерекқорларға
қол жеткізу мүмкіндіктерімен жан-жақты танысып, ғылыми ізденіс әдістемелерін
өзара талқылады. Кітапхана мамандары сирек кездесетін қолжазбалар мен құнды
жәдігерлердің сақталу тарихын баяндап, жастардың кәсіби білімін тереңдетуге
арналған пайдалы кеңестерін ортаға салды. Сонымен қатар «Абаймен сырласу»
диалог ортасы мен «Кітап лотереясы» жастардың білімін сарапқа салып, оларды
жаңа ізденістерге шабыттандырды.
Абай университетінің студенті Нұрдәулет Сағымбек кітапхана қорына
өзінің екі авторлық кітабын тарту етіп, игі іске өз үлесін қосты. Жиында тек
білім ғана емес, пікірлес орта табуға, рухани баюға кең жол ашылды.
Интеллектуалдық викторина мен «Жыл оқырманы», «Құрметті оқырман» номинациялары
бойынша үздіктер марапатталды.
Бұл бастама білім ордасының тек
оқу процесімен ғана шектелмей, тұлғалық даму мен мәдени кемелденудің де киелі
мекені екенін айқын көрсетті. Кітапқа деген құштарлық оянған ортада ғылым мен
білімнің мерейі әрқашан биік екені анық.
«Abai University» медиа орталығы