ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінің Филология факультетінде талапкерлерге арналған «Филология – мүмкіндіктер әлемі» атты ашық есік күні өтті. Мектеп оқушыларына филология бағытындағы білім беру бағдарламалары, факультеттің ғылыми әлеуеті таныстырылып, мамандық таңдауға бағыт-бағдар берілді.

Ашық есік күніне Алматы қаласы мен Алматы облысының Іле, Талғар аудандарының бірқатар мектептерінен оқушылар мен ұстаздар қатысты. Іс-шараны ашылуында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректорының кеңесшісі Хайрулла Нышанұлы сөз сөйлеп, білім сапасына және тіл-әдебиет мамандарының қоғамдағы рөлі туралы мазмұнды ойларын бөлісті. Филология факультетінің деканы м.а. Ботагөз Тілеубекова модератор ретінде жүргізіп, Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Жанна Жүсіпова университеттің білім беру жүйесі мен болашақ мамандарды даярлаудағы мүмкіндіктеріне тоқталды.

Кездесу барысында қатысушыларға филология саласының даму бағыттары, оқу бағдарламалары және студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат берілді. Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев талапкерлерге құжат тапсыру тәртібі, оқу бағдарламалары және мамандықтарға түсуге қажетті баллдық көрсеткіштерді түсіндірді.

Сонымен қатар филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Қосымова Абай университетінің мықты ғалымдары мен жетістікке жеткен түлектерін таныстыра отырып, филолог мамандардың мол мүмкіндікке ие болатынын атап өтті.

Факультет кафедраларының өкілдері де әртүрлі бағыт бойынша таныстырылым жасады. Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының доценті Ерсайын Молдасанов, Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Елена Ломова, сондай-ақ академик С. Қирабаев атындағы Қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Шоқанхан Құттыбаев өз салаларының ерекшеліктері мен оқу үдерісі туралы мәлімет берді.

Ашық есік күнінде оқушылар университеттің білім беру мүмкіндіктерімен танысып, көкейдегі сұрақтарына нақты жауап алды. Қатысушылар мұндай кездесулердің мамандық таңдауда үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

Айта кету керек, Абай университетінде биыл Ашық есік күні әрбір факультетте ұйымдастырылмақ. Яғни, апталық үлгісінде өтіп, әр күн сайын институттар мен факультеттер мектеп оқушыларына есігін айқара ашпақ. Талапкерлердің сан түрлі сауалдарына жауап беріп, жоғары оқу орнына түсу туралы ақпарат бермек. Аталмыш іс-шара 23-30 сәуір аралығында жалғасын табады.

«Abai University» медиа орталығы