АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ – ҚАЗАҚ КІТАБЫНЫҢ ДАМУЫНДА КӨШБАСШЫ ҚАРА ШАҢЫРАҚ

23 сәуір – Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні. ЮНЕСКО-ның бекітуімен 1995 жылдан бастап тойланып келеді. Еліміз осы күнді былтырдан бастап Ұлттық кітап күні ретінде атап өте бастағаны белгілі. Биыл оған 2022 жылдың 24 қазанында белгіленген Қазақстан кітапханашылар күні де қосылды. Ал бұл біріккен мерекелердің жоғары білімнің тұңғыш ашылған шамшырағы – Абай университеті үшін маңызы өте зор. Себебі, қасиетті қара шаңырақ қазақ кітабының дамуы мен білім қорына өлшеусіз үлес қосып келеді.

Кітап – ұлттың рухани жады, ал ғылыми еңбек – сол жадыны жүйелеп, уақытпен бірге алға жетелейтін интеллектуалдық күш. Әрбір оқулық, монография мен зерттеу жұмысы – жеке автордың ғана емес, тұтас ғылыми мектептің, ұлттың ой-санасының жемісі. Сондықтан ғылыми еңбектерді сөз ету – ғылымды ғана емес, елдің рухани дамуы мен болашақ бағытын айқындайтын құндылықты дәріптейді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – қазақ ғылымы мен педагогикалық ойдың қара шаңырағы. Ғасырға жуық тарихы бар оқу орнында Алаш зиялылары қалыптастырған ағартушылық дәстүр сабақтасып жатыр. А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, Х.Досмұхамедұлы, Т.Жүргенов, М.Ғабдуллин сынды ұлт қайраткерлерінің ғылыми-ағартушылық мұрасы бүгінгі университет ғылымының іргетасына айналған.

Осы рухани-ғылыми дәстүрдің негізгі тіректерінің бірі – университеттің Ғылыми кітапханасы. Бүгінде оның қорында 700 мыңнан астам басылым жинақталған. Қор қазақ, орыс және шет тілдеріндегі оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми және көркем әдебиеттерді, энциклопедиялық басылымдарды, сондай-ақ XVII–XIX ғасырларға жататын сирек кездесетін құнды еңбектерді қамтиды. Бұл бай мұра университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстары мен білім беру үдерісінің негізгі ақпараттық базасы ретінде қызмет етіп отыр.

Ал Абай университеті ғалымдары мен түлектерінің авторлық кітаптары тұтас еліміздің рухани жаңғыруына даму беріп отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселен, қазақ руханиятының ірі тұлғаларының бірі – академик Рабиға Сыздық. Ол қазақ тіл білімін тарихи-теориялық тұрғыдан терең зерттеп, ұлттық тіл ғылымының ғылыми негізінің дамуына зор үлес қосты. Ғалымның еңбектері тілдің ішкі құрылымы мен тарихи дамуын жаңа деңгейде зерделеуге жол ашты.

Әдебиеттану ғылымында академик Серік Қирабаевтың орны айрықша. Ол қазақ әдебиетінің тарихын жүйелеп, әдеби процестің даму заңдылықтарын ғылыми тұрғыда негіздеді. Соның нәтижесінде ұлттық әдебиеттану мектебі жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

Бұл ғылыми дәстүр бүгінгі педагогика ғылымында да жалғасын тауып отыр. Көптеген ғалымдар білім беру жүйесінің теориялық және әдістемелік негіздерін дамытып, жаңа педагогикалық бағыттардың қалыптасуына ықпал етті. Олардың еңбектері оқу үдерісіне тікелей енгізіліп келеді.

Абай университетінде еңбек етіп жүрген ғалымдар еліміздің интеллектуалдық дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Тарих ғылымында Мәмбет Қойгелдиев, педагогика саласында Алма Әбілқасымова мен Қорлан Жәмпейісова, құқықтану саласы бойынша Ермек Бөрібаев пен Жанна Хамзина, физикада Владимир Косов, тіл ғылымында Фаузия Оразбаева, математика мен техникалық ғылымдарда Абдумаувлен Бердышев пен Бақытжан Ахметов, білім беру менеджментінде Ұлжарқын Абдигапбарова сынды ғалымдар – бүгінгі қазақ ғылымының тірегі. Олар тек жүздеген ғылыми еңбектің авторлары ғана емес, сонымен қатар өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырған, жаңа буын зерттеушілерді тәрбиелеп отырған ұстаздар.

Абай университеті – тек білім ордасы емес, ғылыми ойдың орталығы. Мұнда қалыптасқан ғылыми мектептер бір-бірімен сабақтасып, еліміздің интеллектуалдық дамуын үздіксіз ілгерілетіп келеді. Ғылыми кітапхана мен ғалымдардың еңбегі бір арнада тоғысып, білім мен ғылымның тұтас интеллектуалдық жүйесін тоғыстырып отыр. Ғылыми кітапхана бүгінде инклюзивті бағытты да дамытып келеді. Ерекше қажеттіліктері бар оқырманға арналған арнайы технологиялар мен тифлокешеннің жұмыс істеуі – білімнің баршаға бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз етудің айқын көрінісі.

Бүгінгі Ғылыми кітапхана – өткеннің жады, бүгіннің тірегі, болашақтың шамшырағы. Мұндағы әр кітап – үнсіз тарих, әр оқырман – жаңа танымға жол ашқан ізденуші. Сондықтан, кітаптың тойы – тек мереке емес, ол ой мен рухты жаңғыртатын, білімнің қадірін ұғындыратын маңызды күн. Осы тұрғыдан алғанда, Абай университетінің Ғылыми кітапханасы мен оның ғалымдары – ұлт руханиятының алтын қазығы екені айқын.

«Abai University» медиа орталығы