ГЕОСАЯСАТ ТУРАЛЫ ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Бүгін Абай университетінде география ғылымдарының кандидаты, доцент Қастер Сарқытқанның «Әлемді тану – географиядан басталып, саясатпен тұйықталады» атты танымдық-семинары ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың қыр-сыры, мемлекеттердің стратегиялық даму бағыттары мен геосаясаттың экономикалық өркендеуге ықпал ету факторлары ғылыми тұрғыда сараланды.

Спикер көшбасшы мемлекеттердің даму жолындағы басты тетіктерін атап өтіп, геосаясаттың іргелі ұғымдарын тарқатып түсіндірді. Ғалым әрбір елдің тарихы, тілі мен мәдениеті оның ішкі мазмұнын құраса, мемлекеттік жүйенің сыртқы әлемдегі орнын – экономикалық қуат пен тиімді геосаяси ұстанымы айқындайтынын жеткізді.

– Мемлекеттің ең қастерлі байлығы әрі стратегиялық ресурсы – жер. Сондықтан да тарих сахнасындағы негізгі тартыстар мен мүдделер қақтығысы дәл осы аумақтық тұтастық пен кеңістікті бақылау төңірегінде өрбиді, – дейді Қастер Сарқытқан.

Геосаясат – жай ғана саясат пен географияның қосындысы емес, ол мемлекеттің сыртқы саясатын оның географиялық алғышарттары, орналасқан жері, климаты, табиғи ресурстары және шекаралас елдері арқылы айқындайтын ілім. Спикер ежелгі Еуропа мен Азияның даму динамикасына тоқталып, империялардың қалыптасуына негіз болған географ-ғалымдардың еңбектерін сараптады. Мәселен, Хэлфорд Маккиндер мен Альфред Мэхэн негізін қалаған «Хартленд» және «Теңіз қуаты» теорияларының қазіргі әлемдік тәртіпке ықпалы жан-жақты талқыланды. Ғалым жағалау аймақтарының экономикалық артықшылықтары мен климаттық жағдайлардың өркениеттер эволюциясындағы рөлін жіліктеп берді.

Зерттеуші ел астанасын таңдау мәселесіне де ерекше маңыз берді. Бас қаланың орналасуы тек әкімшілік шешім емес, экономикалық даму перспективасы мен ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын геожағдайларға негізделген стратегиялық қадам. Студенттермен өткен ашық диалог барысында заманауи геосаяси қатерлер, Орталық Азияның аймақтық маңызы мен Қазақстанның транзиттік әлеуеті туралы мазмұнды тақырыптарға жауап берілді. Кеш соңында ғалымның көпжылдық зерттеулерінің жемісі – «География және саясат» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Географиялық кеңістікті басқару өнері – кез келген егемен елдің баянды болашағының кепілі. Өткізілген семинар сабағы университет шәкірттерінің дүниетанымын кеңейтіп, оларды жаһандық саяси картадағы өзгерістерді ғылыми логикамен бағалауға бағытталды. Ғалымның жаңа еңбегі жас буынның мемлекетшілдік санасын қалыптастырып, стратегиялық ойлау қабілетін арттыруда зор үлесін қосары анық.

«Abai University» медиа орталығы