22.04.2026
АСТАНАДА ЭНДАУМЕНТ ҚОРЛАРДЫҢ УНИВЕРСИТЕТ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Астана қаласында «Эндаументтер.
Түлектер. Меценаттар» тақырыбында халықаралық форум өтті. Іс-шара жоғары
білімді дамытуға және университеттің стратегиялық дамуы аясында түлектердің
рөлін күшейтуге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналды.
Жиынға қоғам қайраткерлері, жоғары
оқу орындарының өкілдері, жоғары білім беру саласындағы қазақстандық және
шетелдік сарапшылар, ірі кәсіпкерлер мен меценаттар, сондай-ақ қайырымдылық
және донорлық бастамалардың өкілдері қатысты. Форум университеттердің
түлектермен, донорлармен және меценаттармен өзара әрекеттесу бойынша
халықаралық тәжірибесін қарастыруға эндаумент қорларын дамытудағы өзекті
тәсілдерді талқылауға бағытталды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі
Саясат Нұрбектің құттықтау сөзін ҒЖБМ аппарат басшысы Мадияр Қожахмет жеткізді.
Министр құттықтауында жоғары білім беру жүйесін дамытудағы жаңа тәсілдер мен
стратегиялық бағыттарға тоқталды. Қазіргі жаһандану жағдайында
университеттердің бәсекеге қабілеттілігі тек білім сапасымен ғана емес, сондай-ақ
олардың қаржылық тұрақтылығы мен академиялық еркіндігіне де байланысты екенін
атап өтті.
Сонымен қатар, форум барысында Миннесота
университетінің халықаралық бастамалар жөніндегі департаменті
директоры Марина Алексио, Қазақстанның эндаумент-қорлар Ұлттық қауымдастығының
Басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім
министрінің кеңесшісі Фархад Қуанғанов, Миннесота университетінің Білім беру
және адам дамуы колледжінің даму жөніндегі директоры Сьюзан Холтер, тағы басқа
қатысушылар баяндама жасады.
Аталған форумға Абай атындағы ҚазҰПУ
Түлектер қауымдастығының жетекшісі, әрі «Abai Endowment Fоund» корпоративтік
қорының директоры Болатбек Нұрбатыров қатысып, эндаумент қорлары туралы маңызды
ақпараттар бойынша тәжірибе алмасты. Қазақстандағы эндаументтер институтын
дамытуға ерекше серпін беретін басқосуда еліміздің білім мен ғылым саласын
тұрақты қаржыландыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара соңында Қазақстан
Республикасының эндаумент-қорлар қауымдастығын құру жөніндегі ынтымақтастық
туралы меморандумға қол қойылды.
. «Abai University» медиа
орталығы