«АБАЙ МҰРАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҚТЫ

Абай мұрасы – ұлттың төл болмысының өзегі, қазақ халқының асыл қазынасы. Бүгін Абай университетінде Алматы қаласы, Алматы облысы және Астана қаласының мектеп оқушылары арасында өткен «Асыл мұра» байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Хәкім Абайдың шығармашылық кеңістігін насихаттауды мақсат еткен бұл дода жас дарындардың танымын кеңейтіп, олардың рухани ізденісіне даңғыл жол ашты.

Екі кезеңнен тұрған сайысқа еліміздің әр өңірінен 364 талапкер қатысып, өз бағын сынаған. Іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен ең үздік алты қатысушы финалға жолдама алып, көркем сөз өнерінің шынайы шеберлері екенін дәлелдеді.

Салтанатты жиынның ашылуында Филология ғылымдарының кандидаты, «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет мазмұнды ойын айтып, Абай мұрасын тану – ұлттық болмысты сақтаудың басты кепілі екенін атап өтті.

Қазылар алқасы құрамында тәжірибелі ғалымдар мен абайтанушылар болып, әрбір қатысушының сахналық мәдениетіне, ішкі тебіренісіне, өлеңнің рухын жеткізу шеберлігіне баса назар аударды.

Байқаудың шарттары мен талаптарына сәйкес, Абай өлеңдерін терең толғаныспен, ерекше нақышында орындаған келесі оқушылар үздік деп танылды:

І орын – Батырханқызы Шынар, Астана қаласы, №87 мектеп-гимназиясы;

ІІ орын – Сүндетбек Азат, Алматы қаласы, №198 мектеп-гимназиясы;

ІІІ орын  Райымбек Көбейсінов, Алматы обл., Қайназар ауылы, №1 орта мектебі.

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар белсенді қатысушыларға «Абай аманаты» және «Абай әлемі» номинациялары бойынша алғыс хаттар табысталды.

Жаһанданудың екпіні күшейген заманда Абайдың нұрлы ақылы – адастырмас темірқазық. Хәкім ілімімен сусындаған жас буын – ел ертеңінің еңсесін тіктейтін негізгі күш. Мұндай тағылымды шаралар ұлттың рухани жаңғыруына тың серпін беріп, ана тіліміздің абыройын асқақтата беретіні сөзсіз.

«Abai University» медиа орталығы