АСТАНА ҚАЛАСЫНДАҒЫ АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІННІҢ "БІЛІМ БЕРУ" ИНСТИТУТЫНДА II-ШІ СТУДЕНТТІК ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

АСТАНА ҚАЛАСЫНДАҒЫ АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІННІҢ "БІЛІМ БЕРУ" ИНСТИТУТЫНДА   II-ШІ СТУДЕНТТІК ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Ғылым күніне орай 2026 жылғы 11 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Білім беру институты (Астана қаласы) «Білім беру жүйесіндегі жас зерттеуші: әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық мәселелерді шешу тетіктері» тақырыбында IІ-ші студенттік ғылыми конференциясын ұйымдастырды. Осы тақырыпта бұл конференция, студенттердің қызығушылығына қарағанда, дәстүрге айналмақ. 200-ден астам студент 165 баяндамамен конференцияға шықты.

Конференцияға студенттердің баяндамаларын тыңдауға Ы.Алтынсарин атындағыҰлттық білім академиясының қызметкерлері, Назарбаев университет,«Астана» халықаралық университеті ғалымдары, Астана қаласының мектеп директорлары мен мұғалімдері келіп, сараптамалық жұмыс жүргізді, модератор ретінде ат салысты.

Конференция мақсаты Абай атындағы ҚазҰПУ Білім беру институтының 1-2 курс студенттерінің зерттеушілік қабілеттерін қалыптастыру, ерте мамандық мәселелерін  шешу жолдарын іздеуге баулу, академиялық жазу және тыңдаушы аудиториямен коммуникацияға түсу қабілеттерін арттыру болды.

Пленарлық бөлімде студент жастарды ізденіс жұмыстарға уәждемелеуге үлгі болатын екі конференция қонағы сөз сөйледі. «Ғылымға апарар жол» деген кіріспе сөзімен Кембридж университетінің генетика саласындағы докторант, Назарбаев Университеті Медицина мектебінің ғылыми қызметкері және әкімшісі, Фогарти халықаралық орталығының ғылыми бағдарламасының стипендиаты(АҚШ) Әйтен Ермек Оразалыұлы сөйледі

«Ұстаз бақыты» атты ақпаратпен «Қазақ тілі» оқулығының авторы (2017), Dana tiin электрондық қосымшасының идеялық авторы,  журналист, гуманитарлық ғылымдардың магистрі,  «Қазақстан Мұғалімі» Ұлттық сыйлығының ТОП-10-ға кірген лауреаты Бай-Сақ Нұржан Елубайұлы бөлісті.

Пленарлық отырыста 4 студент өз зерттеу  нәтижелерін айтып берді. «ҰБТ жағдайында мектеп білімінің жеткіліктілігі: оқушылардың қосымша дайындыққа тәуелділігі және кәсіби бағдар мәселесі» (Әлібекқызы Арайша),  «Тәуелді қатынастар: психологиялық талдау және оны жеңу жолдары» (Абеуева Аруна),  «Баланың сөйлеуінің дамуына тікелей тілдік қарым-қатынастың әсері»(Рахимбай Жайсан), «Норма шекарасы: педагог АСБ бар балалардың оқу процесіне қалай әсер етеді?» (Хасенова Динара, Тұрар Көркем, Кален Дінмұхаммед) баяндамалар тыңдалды.

Бірінші секция - «Жасы бойынша әлеуметтік топтардың психологиялық мәселелері және оны шешу жолдары» бағытында үш бөлімше  болып жұмыс істеді: мектепке дейінгі және бастауыш мектеп; жасөспірімдік шақ; студент жастар. Бұл секцияда  46 студент қатысып, 38 баяндама тыңдалып талқыланды. 

Екінші секция атауы- «Оқу үдерісінде цифрлық технологияларды қолданудың әдіс-тәсілдері/ жасанды интеллектіні білім алушылардың қолдануы: артықшылықтары мен кемшіліктері». Бұл секцияда  39 студент қатысып, 27 баяндама тыңдалып талқыланды. «Информатика» оқу бағдарламасын игеріп жүрген және бастауыш мектеп, мектептегі қазақ тілі  мамандықтарында оқып жүрген студенттер өздері әзірлеген қосымшаларымен бөлісіп, мектепке бере алатын көмектері бойынша идеяларын айтты.

«Мектепте білім сапасын арттыруға арналған әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық жүйелер: сыни талдау, жобалық шешімдер» атты үшінші секцияда Қазақстандағы көптеген әлеуметтік және педагогикалық жүйелерде кездесетін психологиялық мәселелер талқылауға салынды. Студенттер ол мәселелерді шешу жолдарын халықтың дәстүрлі шешімдеріне, шетелдік озық тәжірибелерге, қазіргі кездегі технологияларға сүйеніп, ашуға тырысты. Бұл секцияда  55 студент қатысып, 37 баяндама тыңдалып талқыланды.

Төртінші секция «Заманауи тұлғаның моделі (мектеп жасындағы, кәсіптік білім алудағы, өндірістегі, тұрмыстағы): қалыптасу шарттары мен шынайы жағдайлары» деп аталды. Бұл секцияда 27 студент қатысып, 23 баяндама тыңдалып талқыланды. Студенттер қазақи құндылықтарға негізделген бүгінгі азаматтың болмысын жан-жақты талдауға салып, өздерінің әлеуметтік зерттеулерінен жүргізіп, нәтижелелерін шығарып, ұсыныстар беруге тырысты.

Тағы бір өзекті мәселені бесінші секцияның атауы «Инклюзивті білім беру мәселелері» көрсетіп тұр. Бұл секцияда 43 студент қатысып, 35 баяндама тыңдалып талқыланды. Студенттер алғашқы педагогикалық практика кезіндегі жүргізген бақылауларын, одан шығарған түйіндемелерімен, қосымша қолданылатын тапсырмаларымен, сабақ ұйымдастыру ерекшеліктерімен және кездесетін қиындықтарды шешу жолдарын ашып белсенді түрде талқылады.

Конференцияның жабылу рәсімінде үздік танылған 52  студент-баяндамашы I, II,  III дәрежелі  дипломдармен марапатталды.

Артқа қайту