Абай университетінде ғылыми декада аясында шеберлік сабағы өтті

Абай университетінде ғылыми декада аясында шеберлік сабағы өтті

2026 жылдың 9 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ғылыми Декада аясында Өнер факультеті, «Дизайн» кафедрасының ұйымдастыруымен мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған шеберлік сабағы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Суретшілер, Дизайнерлер және Қолөнершілер одағының мүшелері — тәжірибелі шеберлер Атамқұлов Болат Ақмолдаұлы мен Ибраимов Үсен Қабдрахманұлы жүргізді.

Шеберлік сабағының тақырыбы — «Қалып құю және инкрустация (металл мен ағаш)». Сабақ барысында студенттерге дәстүрлі қолөнер мен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, зергерлік бұйымдар жасау әдістері жан-жақты таныстырылды. Сабақ арнайы аудиторияда өткізілді. Бұл шешім қолданылған құрал-жабдықтардың ерекшелігіне және қауіпсіздік талаптарына байланысты қабылданды. Атап айтқанда, жұмыс барысында отқа қатысты процестер жүргізілгендіктен, өрт қауіпсіздігі толық сақталып, сабақ осыған бейімделген кабинетте ұйымдастырылды. Шеберлік сабағына 1–4 курс аралығындағы студенттер белсенді түрде қатысып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырды. Сабақ барысында олар күмістен сырға мен жүзік жасап көру мүмкіндігіне ие болып, зергерлік өнердің қыр-сырын меңгерді.

Аталған іс-шара студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға, шығармашылық ойлау қабілетін арттыруға және болашақ маман ретінде қалыптасуына зор ықпал етті. Ғылыми декада аясында ұйымдастырылған бұл шеберлік сабағы білім мен тәжірибені ұштастырған маңызды алаңға айналды.

Артқа қайту