ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Бүгін Абай университетінде «Жастар арасындағы суицидтің алдын алу: тәуекел факторлары мен қорғаныс механизмдері» тақырыбында мазмұны терең профилактикалық семинар өтті. Бұл іс-шара жастардың психологиялық сауаттылығын арттырып, суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған.

Семинар барысында қатысушылар тәуекел факторларын айқындау, суицидтік ойлардың алғашқы белгілерін дер кезінде тану, қиын сәттерде қолдау көрсету жолдары, сондай-ақ ішкі жан дүниенің беріктігін арттыратын қорғаныс механизмдері жөнінде жан-жақты мағлұмат алды.

Студенттерге республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың психологиялық зертхана меңгерушісі Жұлдызай Алиева қоғам үшін бұл мәселенің аса маңызды екенін атап өтті. Ол өз сөзінде жастар арасындағы суицидтің туындауына әсер ететін әлеуметтік, психологиялық және тұлғалық факторларға кеңінен тоқталып, әрбір белгіге ерекше назар аударудың маңызын түсіндірді.

«Әрбір жас – бұл болашақтың тірегі. Қиындықтар уақытша, ал өмір – баға жетпес құндылық. Ең бастысы – жалғыз қалмау, көмек сұраудан қорықпау және бір-бірімізге жанашыр болу», – деді спикер.

Семинар барысында қатысушыларға күйзелісті басқару, эмоционалдық тепе-теңдікті сақтау және өмірлік қиындықтарға төзімділікті арттырудың тиімді тәсілдері көрсетілді. Сонымен қатар дағдарыс жағдайында жүгінуге болатын психологиялық көмек көрсету қызметтері мен қолжетімді ресурстар туралы толық ақпарат берілді.

Іс-шара соңында студенттер өз ойларымен бөлісіп, күнделікті өмірде қажетті кеңес екенін жеткізді. Аталған тақырып бойынша замандас-достарымен талқылап, әрбір мәселенің шешу жолы бар екенін түсінді. 

«Abai University» медиа орталығы