10.04.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТАРДЫҢ КӘСІБИ ТӘЖІРИБЕСІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
2026 жылғы 10 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Теориядан тәжірибеге: болашақ мұғалімдердің педагогикалық практика нәтижелері» атты бітіруші курс білім алушыларының қорытынды конференциясы өтті, деп хабарлайды Tarazy.kz
Ауқымды жиынға педагогикалық мамандықтардың студенттері, өндірістік іс-тәжірибе жетекшілері, орта білім беру ұйымдарының директорлары мен мұғалімдері, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Жиынды Мансап орталығының басшысы Рақымберді Жетібай модератор ретінде жүргізді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың қыркүйегінде өткен педагогикалық практикаға 3-ші курс студенттерінен 2561 білім алушы қатысып, Алматы қаласының 94 білім беру ұйымында тәжірибе жинақтаған. Осы кезеңде студенттерге бағыт-бағдар берген 1176 мектеп мұғаліміне нормативтік талаптарға сай төлем жүргізілді. Ал 4 курс студенттерінің негізгі өндірістік іс-тәжірибесі 22 аптаға созылып, 2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңді қамтыды. Бұл маңызды кезеңде барлық факультеттен 2215 білім алушы мектептерде кәсіби тәжірибеден өтті.

2019 жылдан бері Абай университеті енгізген бұл бірегей бастаманың тиімділігі мектептер тарапынан жүргізілген сауалнамалармен расталды. Тәжірибенің алғашқы кезеңінде студенттер мектеп ортасына бейімделсе, кейінгі айларда сабақ беру әдістемесін, БЖБ мен ТЖБ құрастыруды, сондай-ақ бағалау жүйесін толық меңгеріп шықты. Осылайша, үш тоқсанды қамтыған тәжірибе болашақ мұғалімдерді еңбек нарығына дайын, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыруға мүмкіндік берді. Практика базаларындағы жетекшілердің 80 пайызы педагог-зерттеуші, педагог-шебер және педагог-сарапшы, 10 пайызы педагог-модератор санатындағы білікті мамандар болғаны студенттердің кәсіби өсуіне оң ықпал етті. Аталған ұстаздардың жетекшілігімен 5000-нан астам ашық сабақ өткізілді.

Жиын барысында Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев практиканың стратегиялық маңызына тоқталып: «Ұзақ мерзімді педагогикалық практика — бұл тек академиялық талап емес, бұл болашақ маманның мектеп өміріне толыққанды енуіне мүмкіндік беретін кәсіби көпір. Біздің мақсатымыз — диплом алған түлек жұмыс орнында бейімделуге уақыт жоғалтпай, алғашқы күннен бастап сапалы білім беруіне жағдай жасау», — деп атап өтті.
Іс-шара «Менің тәжірибедегі бір күнім» байқауының жеңімпаздарын марапаттаумен және «Үздік тәжірибе жетекшілеріне» алғыс хаттар табыстаумен аяқталды. Бұл шара Абай университетінің білім мен тәжірибені сабақтастырудағы жүйелі жұмысының айқын айғағына айналды.