11.11.2026
6B03111 «Практик психологтарды даярлау» мамандығының 3-курс студенттерінің оқу практикасы!
Практика жетекшілері: Дауткалиева П.Б., Ингайбекова Т.А.
Бүгін «Психология» мамандығының 3-курс студенттері Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) базасында оқу практикасынан өтті.
Практиканың негізгі мақсаты – студенттерді мекеменің қызметімен, оның жұмыс ерекшеліктерімен, сондай-ақ психологиялық қызметтің ұйымдастырылу тәртібімен таныстыру. Сонымен қатар кәмелетке толмағандармен жұмыс барысында психолог қандай міндеттерді атқаратынын және қандай қиындықтарға кезігетінін көрсету.
Болашақ мамандар үшін аудиторияда теориялық білім алумен қатар, сол білімнің нақты кәсіби қызметте қалай жүзеге асатынын көру өте маңызды. Осындай тәжірибе арқылы студенттер психолог мамандығының қаншалықты жауапты, жан-жақты әрі қоғам үшін маңызды екенін тереңірек түсіне алады.
Практика аясында студенттер кәмелетке толмағандарға арналған дамытушы тренингтер ұйымдастырып, өткізді. Қатысушылар үш топқа бөлініп, әр топта танысу, өзара сенімді қарым-қатынас орнату және коммуникативтік дағдыларды дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Сабақ барысында төмендегідей жаттығулар мен әдістемелер қолданылды:
· Танысу және топты біріктіру тренингі – қатысушылардың бір-бірімен жақынырақ танысып, өзара жағымды қарым-қатынас орнатуына бағытталды.
· Коммуникативтік тренинг – қарым-қатынас жасау, өз ойын еркін жеткізу және өзара әрекеттесу дағдыларын дамытуға арналды.
· «Өмірде жоқ жануар» проективті әдістемесі – қатысушылардың өзіндік ерекшеліктерін шығармашылық тұрғыда көрсетуіне және психологиялық диагностиканың элементтерімен танысуына мүмкіндік берді.
Аталған практика студенттерге кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізудің ерекшеліктерін түсінуге, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға және болашақ кәсіби қызметтері үшін құнды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.