27.04.2026
ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ АРДАҚТАЛДЫ
Бүгін Абай университетінде
еліміздің білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Досан Баймолданың 70 жылдық
мерейтойына арналған Математика, физика және информатика факультетінің
кеңейтілген мәжілісі өтті. Салтанатты шара аясында ғалымның «Білім-ғылым
жолындағы ізденістер мен жетістіктер» атты мемуарлық кітабының тұсауы кесіліп,
қара шаңырақ қабырғасындағы ерен еңбегі ұлықталды.
Жиынның шымылдығын Зерттеу қызметі
және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан ашып, мерейтой иесінің
университет тарихындағы орнына, тұлғалық болмысына тоқталды. Ол Абай университетінің
Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілептің ізгі тілегін жеткізіп, арнайы
құттықтау хатын табыс етті.
– Сіздің саналы ғұмырыңыз –
отандық ғылым мен ұлттық тәрбиенің өзара ұштасқан жарқын үлгісі. Қазақстанның
Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдары академиясының академигі ретінде іргелі
зерттеулердің басында тұрып, еліміздің интеллектуалды әлеуетін арттыруға атсалыстыңыз.
Ұстаздық жолыңызда аянбай тер төгіп, бүгінде мемлекетіміздің стратегиялық
салаларында қызмет етіп жүрген сапалы мамандар шоғырын тәрбиеледіңіз. Алдағы
уақытта да бай тәжірибеңіз бен кемел біліміңіз еліміздің игілігіне қызмет ете
береріне сеніміміз мол, – деп жазылған
ректордың құттықтау хатында.
Университет басшылығы ғалымның
көпжылдық қажырлы еңбегін жоғары бағалап, оны «Айрықша еңбегі үшін»
төсбелгісімен марапаттады.
Баймолда Досанның ғылыми
зерттеулері жалпы физика мен күрделі ядролық физика салаларын терең қамтиды. Зерттеуші
– ядролық физиканың күрделі заңдылықтарын зерттеп, осы бағытта іргелі еңбектер
жазумен қатар, ұлттық тарих пен журналистика саласына да елеулі үлес қосып келе
жатқан бірегей тұлға. Оның қаламынан туған тарихи-танымдық мақалалар мен
публицистикалық жанрдағы туындылары ғалымның ұлт руханиятына деген терең
жанашырлығын көрсетеді.
Жиын барысында ғалымның әріптесі,
профессор Марат Құлбекұлы сөз алып, мерейтой иесінің физиканың күрделі
теорияларын қоғамдық санамен ұштастыра білетін ерекше қабілетін атап өтті.
Профессордың халықаралық беделі
де өте жоғары екенін алыс-жақын шет елдерден келген лебіздерден анық аңғаруға
болады. Мәселен, Моңғолия ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, ғылым докторы
Дангаагийн Сэлэнгэ арнайы құттықтау жолдаса, Польша мен Чехиядағы ғылыми
орталықтардан келген тілектер ғалымның әлемдік деңгейдегі байланысын айқындай
түсті.
Мерейтой иесінің иығына шапан
жауып, құрмет көрсеткен зиялы қауым өкілдері ғалымның азаматтық бейнесіне
кеңінен тоқталды. Қазақстанның Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдары академиясының
вице-президенті, академик Еренғайып Омаров Досан Баймолданың академия жұмысына
сіңірген еңбегін тілге тиек етсе, Тарих және этнология институтының директоры,
академик Зиябек Қабулдинов ғалымның тарихи таным мен ұлттық құндылықтарға деген
адалдығын жоғары бағалады. Сондай-ақ Филология факультетінің профессоры
Балтабай Әбдіғазиұлы мен Тарих және құқық факультетінің профессор-зерттеушісі
Болат Жұмағұлов физика саласының майталманымен қатар жүрген жылдардағы ғибратты
сәттерді еске алып, ақжарма тілектерін арнады. Физика кафедрасы мен Тарих
факультетінің ұжымдары да өз әріптестеріне деген ыстық ықыласын білдірді.
Келелі кездесу барысында автордың
«Білім-ғылым жолындағы ізденістер мен жетістіктер» атты мемуарлық кітабының
тұсаукесері өтті. Бұл туынды тек ғалымның өмірбаяны ғана емес, соңғы жарты
ғасырдағы отандық ғылымның даму тарихынан сыр шертетін құнды жәдігер. Профессор
өз қолтаңбасымен кітапты университет кітапханасына сыйға тартып, білім алушы
жастарға жол сілтеді.
Кеш соңында мерейтой иесі Досан Баймолда
барлық қатысушыларға, университет басшылығына және ыстық лебіз білдірген
әріптестеріне шынайы ризашылығын білдірді. Ғалымның 70 жылдық белесі – бұл Абай
университетінің ғылыми әлеуеті мен ұрпақ сабақтастығының алтын көпірі екенін көрсетті.
Осындай іргелі тұлғалар қара шаңырақтың елдегі білім мен ғылымның шамшырағы
ретіндегі мәртебесін асқақтата береді.
«Abai University» медиа орталығы