20.04.2026
ЖАЗУШЫ ЕСБОЛАТ АЙДАБОСЫНМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде белгілі
қаламгер, қара шаңырақтың түлегі, журналист Есболат Айдабосынмен әдеби-танымдық
кездесу өтті. Рухани кешке белгілі әдебиет сыншысы, ғалым Бекен Ыбырайым мен
Елдос Тоқтарбай арнайы қатысып, қазіргі қазақ прозасының өзекті мәселелерін
талқыға салды.
Іс-шара барысында жазушының
қаламгерлік қолтаңбасы мен шығармашылығы ғылыми тұрғыда терең талданды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайым ХХ және ХХІ ғасыр
әдебиетінің арасындағы алтын көпірді зерделей отырып, Есболат Айдабосын туындыларына
әдеби баға берді. Ғалым автордың жанрлық ізденістерін әлемдік классикалық
үлгілермен сабақтастыра отырып, оның еңбектерінің ұлттық әдебиеттегі
өміршеңдігін дәлелдеді. Суреткердің қоғамдағы өзекті түйткілдерді кейіпкер
бейнесі арқылы ашудағы шеберлігі мен тілдің қазақы бояуын сақтаудағы даралығын
көрсетті.
Әдебиет сыншысы Елдос Тоқтарбай
жазушының стилистикалық ерекшеліктеріне тоқталып, оның туындылары «қоғамның
шынайы айнасы» деп бағалады. Сыншы автордың дәстүрлі прозаның соқпағын сақтай
отырып, әлеуметтік теңсіздік пен адам психологиясын қалай қаузайтынын жіліктеп
берді. Шығарманың тақырыбы мен негізгі идеясынан бастап, кейіптеу мен
суреттеудегі жазушы шеберлігі, көркемдік тәсілдері ортаға салынды.
Кеш кейіпкері Есболат Айдабосын
студенттермен еркін форматта сұхбат құрып, жазушылық өнердің «ас үйімен» таныстырды.
Ол кейіпкер сомдау мен ойды көркем шығарма деңгейіне көтерудің қиындығы мен
қызығын тілге тиек етті.
– Мен үшін әрбір образ – өмірдің
өзінен алынған тірі бейне. Оларды сана түкпірінде ұзақ пісіріп, уақыты келгенде
ғана қағазға түсіремін. Жазушылық – бұл тоқтаусыз ізденіс пен ішкі арпалыстың
жемісі, – деді қаламгер.
Жүздесу соңында жазушы жастарға
үлкен сенім артып, олардың болашақ алдында тұрған міндетін айқындап берді.
Тәуелсіздік дәуірінде өсіп келе жатқан ұрпақтың білім мен ұлттық құндылықтарға
деген жауапкершілігі зор екенін айтты. Жастарды «аманат арқалаған буын» деп
атаған қалам иесі елдің ертеңі мен тілдің тағдыры білімді ұрпақтың қолында
екенін қаперге салды.
Студенттермен өткен бұл еркін
диалог ұлттық әдебиеттің алтын діңгегін дәріптеп, жас буынның шығармашылық
мұратының жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Бұл кездесу филология саласындағы
оқитын болашақ мамандар үшін тағылым мектебі болғаны сөзсіз.
«Abai University» медиа орталығы