15.04.2026
СЫРТҚЫ САРАПТАМАЛЫҚ КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫ БАСТАЛДЫ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің білім беру сапасын аккредиттеу және сараптау жөніндегі тәуелсіз агенттіктің (ARQA) сыртқы сараптамалық комиссиясы мамандандырылған аккредиттеу шеңберінде өз жұмысына кірісті.
Комиссия
жұмысының алғашқы күні университет әкімшілігімен өткізілген сұхбат-кездесуден басталды. Академиялық
мәселелер жөніндегі проректор Бану Нарбекова өз сөзінде оқу
орнының бүгінгі әлеуеті мен жетістіктерін таныстырды.
Сарапшылар тобы стратегия,
цифрландыру, ғылыми зерттеу және әлеуметтік
даму мәселелеріне жауапты проректорлармен кездесіп, оқу орнының
стратегиялық даму жоспарының орындалу барысымен танысты.
Сұхбат барысында кадрлық әлеуетті арттыру, студенттік
өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру және инфрақұрылымды халықаралық
стандарттарға сай модернизациялау мәселелері бойынша
сарапшылардың сұрақтарына
жауап берілді.
Сонымен қатар комиссия мүшелері
құрылымдық бөлімше басшыларымен және аккредиттеуден өтіп жатқан білім беру
бағдарламаларының жетекшілерімен кездесу өткізді. Факультет декандары және
кафедра меңгерушілері оқу бағдарламасы мен әлеуметтік-тәрбие бағытында
атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті. Арнайы комиссия білім беру сапасын
бағалау мақсатында дәріс сабақтарына қатысып, жұмыс берушілер мен түлектерден сұхбат
алды.
Комиссия
жұмысының екінші күні оқытушы-профессорлар
құрамымен кездесуге, университеттің материалдық-техникалық базасын визуалды
тексеруге арналып, оқу-әдістемелік құжаттамалар сарапқа салынады.
Аккредиттеу комиссиясының жұмысы 17 сәуірде аяқталып,
анықталған көрсеткіштерді жариялайды және білім сапасын арттыруға бағытталған
ұсыныстар енгізеді.
ARQA агенттігінің келуі – оқу орнының білім беру сапасы мен ішкі жүйесінің халықаралық стандарттарға (ESG) сәйкестігін анықтау үшін маңызды. Сараптама қорытындысы бойынша берілетін куәлік Абай университетінің халықаралық серіктестіктерін нығайтуға және дипломдардың әлемдік деңгейде танылуына жол ашып, оқу орнының жаһандық білім кеңістігіндегі беделін нығайта түспек.
«Abai University» медиа орталығы