ШЕТЕЛДІК ЭРЛАНГЕН-НЮРНБЕРГ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ КЕЛДІ

Бүгін Германияның Фридрих-Александр атындағы Эрланген-Нюрнберг университетінен (FAU) арнайы делегация Абай университетіне ресми сапармен келді. Кездесу барысында екі тарап Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азиядағы білім беру кеңістіктерінің тоғысуын зерттейтін NIE-SCCA-EdSp халықаралық жобасын дамыту мәселелерін талқылады.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Зерттеу қызметі және инновациялар жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан бұл жүздесудің Ғылым декадасымен тұспа-тұс келуінің маңыздылығын атап өтіп, екі университет арасындағы серіктестіктің жемісті болатынына сенім білдірді.

Делегация өкілі Максимилиан Дайнлайн аталған жобаның негізгі мақсаттары мен күтілетін нәтижелері жан-жақты баяндады. FAU профессоры Анатолий Рахкошкиннің жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан бұл бастаманы Германияның Сыртқы істер министрлігі және DAAD (Германиялық академиялық алмасу қызметі) бағдарламасы қаржыландырады. Жоба аясында Германияның Эрланген-Нюрнберг университеті мен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінің жетекші педагогикалық жоғары оқу орындары бірлескен міндеттерді жүзеге асырады.

Серіктес оқу орындары мен FAU арасында студенттер мен оқытушылардың өзара сапарлары, танысу саяхаттары және тұрақты онлайн-семинарлар ұйымдастырылады. Негізгі назар білім беруді интернационалдандыруға, мектептегі білімге, кәсіптік оқытуға және жастармен жұмыс істеуге аударылады. Бұл жоба – педагогикалық мамандықта білім алушылар мен зерттеушілерге алмасу бағдарламаларына қатысуға, Орталық Азия немесе Кавказ елдерінде тағылымдамадан өтуге және бірлескен ғылыми жобаларға қосылуға мүмкіндік береді.

Абай университетінің зерттеуші ғалымдары халықаралық жобаны Қазақстан аумағында жүзеге асыруға және танытуға бағытталған жоспарларын бөлісті. Атап айтқанда, біздің тарап жоба туралы ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді, жүйелі кездесулер өткізуді және жоба маңыздылығын әлеуметтік желілерде насихаттауды көздейді.

Кездесу соңында шетелдік қонақтар назарына шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Делегация мүшелері қазақ халқының қонақжайлылық дәстүрлерімен танысты. Германиялық делегацияның Абай университетіне бір апталық академиялық сапары аясында жоғары оқу орындары мен мектептерге, оқу орталықтары мен мектепке дейінгі мекемелерін аралау жоспарланған. Сондай-ақ Алматы қаласының мәдени-танымдық мекендерімен таныстыратын іс-шараларға қатысу қарастырылған.

«Abai University» медиа орталығы