29.04.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Абай университетінде «Жаңа Конституцияның негізгі басымдықтары мен қоғамдық маңызы» атты ғылыми-практикалық семинар өтті. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл шара конституциялық заңнамадағы негізгі өзгерістерді талдауға және Ата Заңның адам құқықтарын қорғаудағы рөлін айқындауға бағытталды. Жиынға белгілі заңгер ғалымдар, құқық қорғау органдарының өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Семинардың
ресми бөлімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен салтанатты түрде
ашылды. Іс-шараны Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Тарих және құқық факультетінің
ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі декан орынбасары Гүлнәр
Балахметова алғы сөзбен бастап, жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол
қатысушыларға сәттілік тілей отырып, бұл кездесудің еркін пікірталас пен тың
идеялар алаңына айналатынына сенім білдірді.
Алматы
қаласы Әділет департаментінің өкілі Шынар Әбзелбек өз баяндамасында ведомство
жұмысындағы соңғы жаңашылдықтарды егжей-тегжейлі баяндады. Ол цифрландыру
бағытында жасанды интеллектіні қолдану, 24/7 режимінде қызмет көрсететін
чат-боттардың тиімділігі және әділет органдарының ағартушылық-профилактикалық
шаралары туралы айтып берді. Сондай-ақ, спикер университет жанындағы «Заң
клиникасының» студенттерін Әділет департаментінде кәсіби тәжірибеден өтуге
шақырып, жас мамандарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Алмалы аудандық Полиция
басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айман Сарманова азаматтардың
құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі заңдылық пен тәртіп қағидатының
маңызын ашып көрсетсе, Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Рауза Алиева әкімшілік іс
жүргізудің конституциялық негіздері туралы құнды ақпараттармен бөлісті.
Криминалдық полиция қызметкері Мәди
Ахат жастарға қызық әрі мазмұнды баяндама жасады.
Ол биылғы жылы заңсыз алаяқтық бағыттағы ірі колл-орталықтарды құрықтау бойынша
жүргізілген арнайы операцияның видеосын көрсетті. Тәртіп сақшысы заңсыз ақша
аударымдары, дропперліктің қалай жұмыс істейтінін және
фишингтен сақтану жолдарын нақты кейстермен түсіндіріп, студенттерге жеңіл
ақшаның соңында үлкен қылмыстық жауапкершілік тұрғанын баса ескертті.
Ғылыми
талқылауда Абай
атындағы ҚазҰПУ-дың заңтану кафедрасының профессорлары Бақытжан Төлеубекова,
Бинұр Тайторина және қауымдастырылған профессор Бақытқали Көшпенбетов бастаған
ғалымдар мен университеттің 1-курс студенттері
Виктория Штыкель мен Ерзат Қалжігіт сөз алды. Қатысушылар Конституцияның
қоғамдық келісімнің негізі екенін, ал жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін жас
буынға түсіндіру құқықтық мәдениетті қалыптастырудың басты шарты екенін атап
өтті. Олар
заңдардың қабылдану процесі мен пропорционалды сайлау жүйесіне қатысты өзіндік
талдауларын
ұсынып, жастардың саяси сауаттылығын көрсетті.
«Abai University» медиа орталығы