15.04.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНЕ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ КЕЛДІ
Бүгін Абай
университетіне жасыл экономика, климат және баламалы энергия саласындағы
халықаралық сарапшы, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг арнайы келді. Белгілі
ғалым оқу орнының жаратылыстану және экологиялық бағыттағы ғылыми жобаларымен
танысып, университет басшылығымен кездесті.
Профессор,
белгілі эколог Рае Квон Чунг Жаратылыстану және география факультетінде
университет басшылығымен кездесіп, экология бағытындағы ғылыми зерттеу
жобаларымен танысты. Өткен жылы іске қосылған агробиостанцияның зерттеу жүргізу
әлеуеті мен биологиялық ерекшеліктері ғалымның назарына ұсынылды.
Өз кезегінде
халықаралық сарапшы, профессор аталған жобаларды алдағы уақытта қандай бағытта
дамыту, экологиялық мүмкіндіктерін кеңейту бағытында кеңестерін бөлісті.
Қоршаған ортаға зиян келтірмей, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы
қоғамның әл-ауқатын арттыруды көздейтін жүйе қалыптастыру мәселесін алға
тартты.
Ғалымның ойынша,
университеттік агробиостанция «жасыл» технологияға негізделген экономика
саласында жаңа буын зерттеуші-ғалымдарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Студенттердің өндірістік тәжірибесін ғылыми ізденіске және экологиялық тың
жаңалықтарды ашуға сеп болатыны айтылды. Дүниежүзі бойынша климаттық өзгерістер
халықтың әл-ауқатына және мемлекеттік экономикаға ықпалы арта беретінін
жеткізді. Сондықтан аталған ғылыми бағытта талантты ғалымдар шоғырын
қалыптастыру маңызды дейді профессор.
Сонымен қатар оқу
ордасының базасында болашақта іске қосылатын химиялық зертханалар мен
жобалардың алғышарттары таныстырылды. Олардың негізгі миссиясы мен зерттеу
бағыты бойынша мазмұнды талқылау өтіп, ұсыныс-кеңестер ортаға салынды.
Жиынға Стратегия
және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова, Зерттеу қызметі
мен инновациялар жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, Жаратылыстану және
география факультетінің зерттеуші ғалымдары мен басшылары қатысты. Бұл кездесу
Абай университетінің ғылыми әлеуеті мен халықаралық беделін арттыруға серпін
берері сөзсіз.
«Abai University» медиа орталығы