17.04.2026
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін Жаратылыстану және
география факультетінде танымал оқулық авторлары, білікті ғалым-педагогтер Андрей
Абулғазиев пен Гүлмира Бердіғұлованың 60 жылдық мерейтойына арналған «Тағылымды
тағдыр – ұлағатты ұстаз» атты кездесу өтті. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге
арнаған майталман мамандардың еңбегі еленіп, олардың ғылым мен білімдегі
өнегелі жолы кеңінен дәріптелді.
Салтанатты іс-шараның шымылдығын
Жаратылыстану және География факультетінің деканы Күләш Қаймулдинова ашып,
мерейтой иелерінің университет тарихындағы алар орнына тоқталды. Декан өз
сөзінде қос ұстаздың кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттерін ерекше атап өтіп,
олардың әрбір жетістігі оқу орданың мәртебесін биіктетіп келе жатқанын
жеткізді.
Андрей Убайдуллаұлының 32 жылдық
еңбек жолы тікелей Абай университетімен сабақтасып жатыр. Ол – география пәні
бойынша заманауи оқулықтар дайындауда ерен еңбек еткен ғалым. Мәселен,
«Атамұра» баспасынан жарық көрген мектеп оқулықтары мен физикалық география
бойынша дайындаған 100-ден астам әдістемелік еңбектері еліміздің білім беру
жүйесіндегі негізгі оқу құралдарының бірі. Ұлттық бірыңғай тестілеу
қызметкерлер қатарында болып, қазақ мектептері үшін факультативтік
бағдарламалар әзірлеуі оның ұлттық білімге деген жанашырлығын айқын көрсетеді.
Ал Гүлмира Ертісқызы 22 жыл бойы
осы білім ордасында ұстаздық етіп, геосаясат пен жаһандану үдерістерін
зерттеуде жоғары кәсіби шеберлік танытып келеді. «Үздік ұстаз» төсбелгісінің
иегері ретінде ол теориялық білімді практикамен ұштастырып, студенттердің
заманауи интеграциялық процестерді терең түсінуіне жол ашты.
Мерекелік жиынға Әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Ж. Тәшенев атындағы
университет өкілдері мен Жетісу облысының әдістемелік орталығынан әріптестері
арнайы қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ «Атамұра» баспасының ұжымы
да көпжылдық серіктестесіне құрмет көрсетіп, шығармашылық табыс тіледі. Кеш
соңында Андрей Абулғазиев пен Гүлмира Бердіғұлова Абай университетінің «Айрықша
еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Бұл кездесу ұстаздық жолдың
қаншалықты қадірлі әрі жауапты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қос мерейтой
иесінің атқарған ісі – тек бір факультеттің ғана емес, бүкіл отандық
педагогиканың мақтанышы. Ширек ғасырдан астам уақытын білім нәрін себуге
арнаған ғалымдардың өнегелі жолы мен кемел тәжірибесі келешек ұрпақ үшін
әрқашан бағдаршам болып қала бермек.
«Abai University»
медиа орталығы