СҰРАПЫЛ СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ

Абай университетінің тарихы – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен қайсар рухтың шежіресі. Екінші дүниежүзілік соғыс сол кездегі ұжым үшін ең ауыр сынақ кезеңі болды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ университет қабырғасынан 800-ден астам оқытушы мен студент бейбіт өмірдің оқулықтарын қаруға алмастырып, майданның алдыңғы шебіне аттанды.


Университет мақтаныштарының көшін бастап тұрған біртуар тұлға Мәлік Ғабдуллиннің есімі бүгінде білім ордасының рухымен егіз ұғым. 1935 жылы филология факультетін бітірген ол атақты Панфилов дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі шешуші шайқастарда теңдессіз ерлік көрсетті. Қан майдандағы қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Соғыстан кейін Абай университетінде ректор қызметін атқарып, 1953-1963 жылдары қара шаңырақтың дамуына үлес қосты. Өзі жазушы, өзі әдебиетші-ғалым ретінде кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге қалдырды. Былтыр Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығына білім ордасында профессор-батырдың атынан аудитория ашылды.


Сол кездегі ҚазПИ қабырғасынан шыққан жауынгерлер майдан даласында көрсеткен жанқиярлық ерліктері үшін жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рахымжан Тоқатаев, Ахмедияр Хұсайынов, Сәду Шәкіров және Владимир Бреусов сынды біртуар перзенттер Кеңес Одағының Батыры атанды. Кеудесіне Алтын жұлдыз таққан батырларға тоқталсақ.


Қанаш Қамзин  – 1937-1941 жылдары география факультетінде білім алған. 1943 жылы майданға шақырылып, рота командирі болды. Ол 1944 жылы Днестр өзенінен өту кезінде ерен ерлік көрсетіп қаза тапты. Оның есімі университеттің батыр түлектерінің тізімінде құрметпен аталады.


Рақымжан Тоқатаев – соғыс жылдарында зеңбірекші міндетін атқарып, Чехословакияны азат етудегі қиян-кескі ұрыстарда көзге түсті. Соғыстан кейін білім ордасына қайта оралып, математика мамандығы бойынша жоғары білім алып, сәтті тәмамдады.


Владимир Бреусов – 1943 жылы Харьков үшін болған шешуші шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Ол соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қара шаңырақпен байланысын үзбей, университеттің саяси экономия кафедрасының меңгерушісі болып жемісті еңбек етті.


Ахмедияр Құсайынов – 1942 жылы майданға аттанып, Мелитополь қаласын жаудан азат ету кезіндегі батырлығы үшін жоғары атақпен наградталды. Жауынгерлік жолын аяқтаған соң, университеттің тарих факультетінде оқып, білімін жетілдірді.


Сәду Шәкіров – ҚазПИ-дің тарих факультетін тәмамдаған. 1942 жылдан бастап атқыштар дивизиясының құрамында шайқасып, соғыс даласында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанған.


Құдайберген Сұрағанов – Одер өзені жағалауындағы шайқастағы ерлігі үшін 1946 жылы 15 мамырда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.  Сұрапыл соғыстан жеңіспен оралғаннан кейін физика-математика факультетінде жоғары білім алып, аспирантурада да оқуын жалғастырған.


Жолдыбай Нұрлыбаев – Лукац-Крейц қаласы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тауып, ел тарихында есімі мәңгі қалды.


Сондай-ақ қасиетті қара шаңырақ түлектері – аты аңызға айналған партизан Қасым Қайсенов пен Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері университет тарихында алтын әріптермен жазылды. Партизандық қозғалыстың белсенді мүшесі, университет түлегі Әди Шәріпов майданнан оралған соң еліміздің білім саласын басқарып, жазушылық жолда өнімді еңбек еткені белгілі.


Қазірде Абай университетінің алдында «Ерлікке тағзым» ескерткіші орнатылған. Бұл – соғыстан қайтпаған боздақтар мен ерлікпен оралған батылар мен ардагерлерге қойылған мәңгілік тағзым белгісі.

 

«Abai University» медиа орталығы