АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ ТОКИОДА ҚАЗАҚ МИФОЛОГИЯСЫ КӨРМЕСІН ӨТКІЗДІ

Жапонияның Токио қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Өнер факультетінің деканы, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Кәрім Байғұтовтың «Қазақ мифологиясы» атты көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменнің зор қызығушылығын тудырды.

Көрмеде ксилография техникасында орындалған графикалық туындылар ұсынылды. Жобаның басты ерекшелігі – қазақ мифологиясын заманауи көркемдік тіл арқылы таныстырып, ұлттық дүниетанымның терең философиялық мазмұнын халықаралық мәдени кеңістікте айшықты көрсетуінде. Көрме тұжырымдамасында ксилография тек техникалық әдіс ретінде емес, мәдени жадыны, таңбалық жүйені және тарихи сананы бейнелейтін ерекше көркем ойлау тілі ретінде қарастырылғаны анық аңғарылады.

Бұл көрме ғылыми жоба аясында жүзеге асырылды. Атап айтқанда, AP25796905 «Design Thinking тәсілін қолдану арқылы көркем білімдегі қазақ мифологиясы мен гравюрасын модификациялау» жобасы негізінде дайындалған экспозиция ғылыми ізденіске сүйене отырып қалыптастырылған. Мұнда қазақ мифологиясы тек фольклорлық мұра ретінде емес, әлемнің жаратылысы, адам мен табиғаттың байланысы, қасиетті мен үрейлі ұғымдардың, өмір мен өлімнің, тәртіп пен хаостың арақатынасын түсіндіретін терең рухани-танымдық жүйе ретінде ұсынылған.

Көрменің жоғары деңгейде өткенін оған жиналған кең аудитория айқындай түсті. Іс-шараға Жапониядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бірінші хатшысы Айдос Құрманғалиұлы, Print Gallery Tokyo + PP директоры Хирофуми Абэ, Joshibi Art University мен Tama Art University оқу орындарының студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы, соның ішінде Тошихиде Кайбори, сондай-ақ Moriki Paper компаниясының директоры Такао Морики және өзге де өнерсүйер қауым қатысты. Бұл көрменің кәсіби, академиялық және мәдени орта тарапынан кең қолдау тапқанын көрсетеді. Аталған көрменің кураторы Көркем білім кафедрасының профессоры, п.ғ.к. Жанерке Шайгозова.

Сонымен қатар, көрмеге Japan-Kazakhstan Bridge Friendship GIA – Official Dimash Japan Fan Club өкілдері де арнайы келді. Олардың қатарында Фуми Фуруяма мен Мидори Ясуэ болды. Бұл жағдай көрменің тек кәсіби өнер қауымының ғана емес, Жапониядағы түрлі мәдени орта өкілдерінің, қазақстандық өнерге қызығушы көрермендердің және халықаралық достық ұйымдарының назарын аударғанын аңғартады. Олар ресми тарап ретінде емес, қазақ өнеріне қызығушылық танытқан көрермен ретінде қатысып, көрменің маңызын арттыра түсті.

 

«Abai University» медиа орталығы