АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ  ҚЫТАЙДАҒЫ ЕҢ ІРІ БІЛІМ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

2026 жылы 10-11 сәуірде Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында China Study Abroad Forum (CSAF) халықаралық форумы және China International Education Exhibition Tour (CIEET) білім беру көрмесі өткен болатын. Ашылу салтанатына ҚХР Білім министрлігінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, сондай-ақ Абай университетінің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова мен Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова және Қазақстанның ЖОО-лары қатысты.

Көрме аясында қазақстандық жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын таныстырып, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру жобалары мен ғылыми ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Аталған іс-шара шетелдік студенттерді Қазақстанға тарту мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Бейжіңдегі бұл көрмеге Абай университетінің серіктесі Қытайдағы Халықаралық білім беру мектебінің директоры Мэй Якун және аталған мектептің маманы Аида Нұрлан да қатысты.

Көрме аясында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Бейжің педагогикалық университеті арасында кездесу өтті. Тараптар білім және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға өзара ниеттерін растады. Кездесудің маңызды нәтижесінің бірі Абай университетінің базасында Орталық Азиядағы алғашқы «Ғаламдық педагогикалық даму институтын» құру туралы шешім болды. Аталған орталық білім алушылар мен оқытушылардың педагогикалық және тілдік құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ заманауи білім беру және халықаралық тәжірибелерді енгізуге арналады.

Сонымен қатар көрме аясында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Шаньдун педагогикалық университеті өкілдері кездесіп, бірлесе жұмыс атқару мәселелерін талқылады. Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова және Шандунь университетінің президенті Чжан Цзянь ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім – оқу ордамыздың білім беру бағдарламаларын Шандунь педагогикалық университеті базасында жүзегу асыруға, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

«Abai University» медиа орталығы