14.04.2026
КОЛОРАДО ЖӘНЕ МИДДЛБЕРИ КОЛЛЕДЖДЕРІНІҢ ӨКІЛІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Абай университетінде АҚШ-тың Колорадо және Миддлбери колледждерінің өкілі, Колорадо университеті орыс тілі кафедрасының қауымдастырылған профессоры Алексей Павленкомен ресми кездесу өтті. Шара барысында тараптар халықаралық ынтымақтастықты нығайту және студенттермен алмасу бағдарламаларын кеңейту мәселелерін талқылады.
Стратегия және
интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова мәртебелі қонаққа оқу
орнының тарихын, әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерін және халықаралық
жобаларын таныстырды. Проректор өз сөзінде университеттің 100 жылдық
мерейтойына дайындық барысына тоқталып, интернационализация бағытының
стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ оқу орнының кадрлық әлеуеті мен
орыс тілі кафедрасының ғылыми мектебіне жоғары баға беріп, америкалық
әріптестермен бірлескен жұмыс нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Кездесудің басты тақырыбы – биылғы
жылдың күз мезгіліне жоспарланған Колорадо студенттерінің Орталық Азияға сапары
туралы болды. Алексей Павленконың айтуынша, америкалық студенттерге арналған
бағдарлама бұған дейін Қырғызстанның AUCA университетімен бірлесе жүзеге
асырылып келген. Биылдан бастап жоба аясын Қазақстанға кеңейту көзделіп отыр. Яғни,
Абай университетінде шетелдік білім алушылар үшін арнайы күзгі мектеп
ұйымдастыру мәселесі қарастырылды. Басқосуда аталған іс-шараның оқу жоспары мен
мәдени-танымдық бағдарламасын әзірлеудің алғышарттары айқындалды. Өз кезегінде
Алексей Павленко университет ұжымының қонақжайлылық танытқанына алғыс айтып,
бірлескен жоспарлардың сәтті іске асуына сенім білдірді.
Жиын барысында орыс тілі және
әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сәуле Абишева кафедраның қалыптасу тарихы мен
бүгінгі жетістіктері туралы баяндады. Ол студенттердің ғылыми-зерттеу
жұмыстарына, мектептермен байланысына және «Болашақ» бағдарламасымен білімін
жалғастырған түлектердің әлеуетіне тоқталып, ынтымақтастықты дамыту бойынша
нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар әлеуметтік даму
жөніндегі проректор Мақсат Жақау шетелдік студенттердің университет
қабырғасындағы әлеуметтік жағдайы мен мәдени өмірі туралы сөз қозғады.
Проректор келген қонақтардың жергілікті студенттермен тең дәрежеде барлық
мүмкіндіктерді пайдалана алатынын, арнайы медициналық сақтандырумен де қамтылатынын
атап өтті.
Екіжақты тараптар тығыз байланыс
орнатып, бірлесе жұмыс істеп, жоспарлы міндеттерді іске асыруға уағдаласты.
«Abai University» медиа орталығы