28.04.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН АСАНӘЛІ ӘШІМОВ ТЕАТРЫ СЕРІКТЕСТІК ОРНАТТЫ
Бүгін Абай университеті мен Асанәлі Әшімов театры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іс-шараға «Алматы әуендері» КМҚК директоры Дулат Тоқанов пен театрдың көркемдік жетекшісі Салтанат Абулғазиева арнайы қатысты. Бұл келісім аясында университет студенттері кәсіби мамандардың қолдауымен шығармашылық дағдыларын шыңдап, театр ұжымымен бірлескен имидждік жобалар жасауға мүмкіндік алады.
Әлеуметтік даму жөніндегі
проректор Мақсат Жақау қонақтарды университет тынысымен таныстырып, жастардың
шығармашылық әлеуеті мен білім ордасындағы мәдени шаралар туралы әңгімеледі. Бұл
бағытта оқу орны қаланың ірі мәдени ошақтарымен, мұражай және театрларымен
тығыз байланыс орнатуға айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.
– Университет ретінде біз
мәдениет пен өнерден ешқашан алшақтаған емеспіз. Білім ордасының табалдырығын
аттаған сәттен бастап студенттеріміз мектеп қабырғасындағы шығармашылық
қабілеттерін үзбей, оны әрі қарай кәсіби деңгейде дамытуына барлық жағдай
жасаймыз. Бүгінде бізде бес бірдей студенттік театр мен өзіндік оркестріміз
жұмыс істейді, - деді проректор.
Айта кетерлігі, алғашында Қазақстанның
халық әртісі Асанәлі Әшімовтің шеберханасынан түлеп ұшқан жас таланттар
шоғырланған өнер ордасы «Жаңа ғасыр» театры деп аталған. 2018 жылы құрылып,
2026 жылдың сәуірінен бастап аты аңызға айналған тұлғаның есімін иеленген.
Қазіргі таңда Асанәлі Әшімов театры қазақ және әлем классикасын дәстүр мен
заманауи үрдісті ұштастыра отырып сахналап келеді. Сондықтан да бұл
ынтымақтастықтың студенттер үшін берері мол болмақ.
Меморандум аясында қос тарап
жастарға арналған имидждік жобаларды бірлесе жүзеге асыруға және қызықты
коллаборациялар жасауға уағдаласты. Ендігі кезекте театр актерлері студенттерге
арнап шеберлік сағаттарын өткізеді, ал университет қабырғасында кәсіби қойылымдар
көрсетілетін болады. Сонымен қатар, болашақ мамандар түрлі мәдени іс-шараларға
атсалысып, режиссура мен жобаларды ұйымдастыру саласы бойынша тәжірибе жинақтай
алады.
«Abai University» медиа орталығы