БАЛУАНДАР БЕЙНЕСІН КЕСКІНДЕГЕН БІРЕГЕЙ СУРЕТКЕР

Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ музейінде белгілі суретші, Мәдениет саласының үздігі Еркін Қайшыбектің «Күш атасын танымас» тақырыбында жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрме қазақтан шыққан даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына орай ұйымдастырылған.

Еркін Базарғалиұлы қазақ халқының рухани мұрасын, ұлттық спорт тарихын және алып күш иелерінің болмысын көркем суретпен жеткізуді мақсат етеді. Өнер мен спортты байланыстыра отырып, ерекше қылқалам туындыларын жарыққа алып келген. Көрмеге Қажымұқан Мұңайтпасұлының және өзге де қазақтың әйгілі балуандары бейнеленген 50-ге жуық картина қойылды.

Салтанатты іс-шарада университеттің Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Төлеутайқызы, Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Дөңесұлы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікжан Әлмұхамбетов және Өнер факультетінің деканы Кәрім Әлімханұлы арнайы сөз сөйлеп, ізгі лебізін білдірді.

Кәсіби суретші, әрі педагог Еркін Қайшыбектің шығармашылығы – күрес өнеріндегі тарихи тұлғалардың бейнесін кенеп арқылы терең әрі әсерлі өрнектеумен ерекшеленеді. Оның қылқаламынан туған Қажымұқанға арналған жиырмаға жуық туынды палуанның бүкіл ғұмырын қамтып, болмыс-бітімін аша түседі.

Көрмеге қойылған «Жас палуан», «Ел арасында өнер көрсету», «Америка чемпионы», «Азия және Африка чемпионы», «Қажылыққа сапар» сияқты эмоциялық және психологиялық тебіреніске құрылған көп фигуралы композициялары сол заманның тыныс-тіршілігін жеткізеді. «Қажымұқан мен парсы палуаны Машрут», «Қажымұқан және түрік палуаны Нұрла», «Қажымұқан мен Саракикидің жекпе-жегі» картиналарында қызу шайқас, екпінді динамика айтулы балуанның зор қуат-күшін және даңқын паш етеді. «Салтанатты портрет», «Сигизмунд корольдің белдігімен», «Егде тартқан палуан», «Қажымұқан мен Поддубный» портреттері – тарихи дерек пен көнерген фотосуреттер негізінде әрбір деталі асқан дәлдікке құрылған. Бұл туындылар суретшінің зерттеушілік қырын да айқын көрсетеді.

Еркін Қайшыбек – портрет жанрының шебері. Оның шығармашылығында қазіргі заманның даңқты спортшылары да ерекше орын алады. Атап айтқанда, Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, «екінші Қажымұқан» атанған Әбілсейіт Айханов және әйгілі балуан Дәулет Тұрлыханов бейнелері көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар Балуан Шолақ пен Иманжүсіп Құтпанұлының портреттері де экспозициядан орын алды.

Ұлттық рухты дәріптеп, қазақ балуандарының тарихи тұлғасын өнер арқылы ұлықтаған көрме бір апта бойы музей қонақтары назарына ұсынылады.

«Abai University» медиа орталығы