27.02.2026
ҒАЛЫМДАРҒА ЖАҢА МІНДЕТ ЖҮКТЕЛДІ
Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінде ерекше мәнді кездесу өтті. Университет басшылығы
«Болашақ» халықаралық бағдарламасының ғылыми тағылымдама иегерлерімен жүздесті.
Олар алдағы уақытта шетелдік үздік университеттерге тәжірибе жинау үшін
аттанады. Жиында халықаралық тәжірибені отандық білім беру жүйесіне бейімдеу
мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында ғылыми
тағылымдаманың басты бағыттары, шетелдік зерттеу тәжірибесін енгізу жолдары
және университеттің ғылыми әлеуетін арттыру мәселелері жан-жақты қаралды.
АҚШ-тың бірқатар беделді университеттерінен шақырту алған, жүзден жүйрік шыққан
педагог-ғалымдар алдағы жоспарларын ортаға салды.
Халықаралық интеграция
факторларын ескере отырып, жаһандық тәжірибені ұлттық мүддеге бейімдеу стратегиялық
тұрғыдан маңызды ұстаным. Әлем тілдері факультетінің аға оқытушысы Сымбат Есимкулованың
айтуынша, алдағы уақытта жаңашыл әдістемелерді дамытып, пайдалану арқылы білім
беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік зор.
– Біздің басты мақсатымыз – білім
беру процесін сапалық тұрғыда жаңғыртып, жаңа әдістемелік модель қалыптастыру.
Соңғы 25 жылда түрлі педагогикалық тәсілдерді тәжірибеден өткіздік. Ендігі
кезеңде жинақталған тәжірибені халықаралық зерттеулермен ұштастырып, еліміздің
білім және ғылым саласын дамытуға нақты үлес қосуды көздеп отырмыз. Сонымен
қатар шетелдік ғалымдармен бірлескен жобалар әзірлеу де жоспарда бар, – дейді Сымбат Есимкулова.
Жүздесуде жеңімпаздар
цифрландыру, жасанды интеллект және білім беру үдерісін технологиялық тұрғыда
жетілдіру бағытындағы жобаларын таныстырды. Мәселен, Академик С.Қирабаев
атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушысы Қарлығаш
Абиыр ұлттық зияткерлік әлеуетті дамытуға бағытталған жұмыс жоспарын нақтылады.
Мұндай зерттеулер арқылы ұлттық контентті жаңа, қолжетімді форматта ұсынуға
болатынын жеткізді.
Кездесу соңында университеттің Академиялық
мәселелер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова ғылыми тағылымдама иегерлеріне жаңа
жобалар бойынша кеңестер айтып, жылы лебізін жеткізді.
– Біз сіздердің жетістіктеріңізді
университетіміздің ортақ табысы деп есептейміз. Бұл – қара шаңырағымыздың
ғылыми әлеуетінің нақты көрсеткіші. Алдағы уақытта сіздермен тығыз байланыста
боламыз. Ғылым жолындағы әрбір жаңалық біз үшін маңызды. Сіздерге үлкен үміт
артамыз. Ақ жол тілейміз, – деді проректор.
Қазіргі таңда қазақстандық оқу орындары
тек білім берумен шектелмей, ғылыми бәсекеге қабілетті орталыққа айналуға
ұмтылып отыр. Шетелдік озық үлгілерді үйреніп, отандық жоғары білім беру
саласын дамыту үшін «Болашақ» бағдарламасының ғылыми тағылымдамасы мол
мүмкіндік береді. Бұл – жеке ғалымның жетістігі ғана емес, ұлттық ғылымның
стратегиялық капиталы. Ендігі міндет – халықаралық тәжірибені ұлттық мүддемен сабақтастыра,
ғылым кеңістігіне жаңа серпіліс беру.
«Abai University»
медиа орталығы