«Үркер» және «Шын» студенттік театрлары республикалық фестивальден жүлделі оралды

2025 жылдың 1-2 сәуірінде Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Бабалар жолы – халықтың мұрасы, ұрпаққа аманаты» атты студенттік театрлардың республикалық фестивалі өтті. Мақсаты – жас ұрпаққа рухани-адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру, салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Фестивальге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Үркер» және «Шын» студенттік театрлары да қатысып, 1 және 2 орындарды иеленді.


Қазақстанның түкпір-түкпірінен 8 студенттік театр қатысқан фестивальде «Үркер» театры «Абай-Тоғжан», «Шын» театры «Жазығым менің емес, мама?» спектаклін ұсынды.


Фестиваль 2 күнге созылды. 1 сәуірде шараның салтанатты ашылуы өтті, ол төрт студенттік театрдың қойылымымен аяқталды. Алғашқы күні «Шын» театры қойылымын қойып, қазылар алқасы режиссерлік жағынан жоғары бағалады. Екінші күні «Үркер» театрының қойылымы да қазылар алқасының ерекше бағасына ие болды.


Осылайша, 8 студенттік театрдың ішінен «Үркер» театры бірінші, «Шын» театры екінші орынды иеленді. Сонымен қатар, «Шын» студенттік театрының жетекшісі Жомарт Рахымжан «Үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.


Құттықтаймыз!