13.04.2026
XII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТУДЕНТТІК ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ
Абай университетінде «Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындары студенттері арасында XII Республикалық пәндік олимпиаданың салтанатты ашылуы өтті. Бұл сайыс болашақ көркем еңбек және сызу мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, дарынды жастарды қолдау және университеттер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға бағытталған.
13
сәуір күні басталған айтулы дода еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең
талантты, өнерлі де білімді студенттердің басын қосты. Олимпиаданың шымылдығын
Абай университетінің Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова ашып,
қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Өнер факультетінің деканы Кәрім
Байгутов пен Академиялық
мәселелер жөніндегі департамент директоры Жанна Жусупова құттықтау сөз
сөйлеп, бұл шараның болашақ педагог-суретшілерді даярлауда маңызды екендігін айтты.
Биылғы білім додасына Абай
атындағы ҚазҰПУ, Қожа Ахмет Ясауи Халықаралық қазақ-түрік университеті,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
университеті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті және Астана
халықаралық университеті сияқты іргелі оқу орындарынан үміткерлер қатысып жатыр.
Сондай-ақ, қатысушылар қатарында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық
университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Шәкәрім
университеті, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті және
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері бар.
Үш
күнге созылатын өнер додасы 3 кезеңнен тұрады
және қатысушылардың теориялық білімі мен практикалық шеберлігін жан-жақты
сынайды. Бүгін сайыстың алғашқы күнінде студенттер
өздерін таныстырып, визиттік карточка мен үй тапсырмасын көрсетіп, теориялық
кезеңнен өтті. Сонымен қатар, Өнер факультетінің шеберханаларында «Сурет» пәні
бойынша практикалық тапсырмаларды орындауға кірісті.
Олимпиаданың екінші күні қатысушылар «Сызу»
және «Композиция» пәндері бойынша өз шеберліктерін ортаға салса, ал үшінші
күні комиссия
мүшелері жұмыстарды қорытындылап, үздіктерді анықтайды.
Салтанатты
жабылу рәсімі мен жеңімпаздарды марапаттау шарасы 15 сәуір күні сағат 11:00-де
Өнер факультетінде
өтеді. Жеңімпаздарға арнайы дәрежелі дипломдар, грамоталар мен сертификаттар
табысталады.
«Abai University» медиа орталығы