15.04.2026
ӘБІЛДА ТАБЫЛДИЕВТІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ
Бүгін қазақ
педагогикасы мен балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, этнопедагогика ғылымының
негізін қалаушылардың бірі Әбілда Табылдиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған
«Цифрлық ЖИ дәуіріндегі ұлттық құндылықтар сабақтастығы және этнопедагогика» тақырыбында
дөңгелек үстел өтті. Жиынға университет басшылығы, отандық белгілі ғалымдар
және Түркия, Қырғызстан, Башқұртстан елдерінен халықаралық сарапшылар қатысып,
ұлттық тәрбиенің жаһандық білім беру кеңістігіндегі рөлін талқылады.
Бұл іс-шара есімі
түркі дүниесіне ортақ ірі тұлғаның ғылыми мұрасын бүгінгі технологиялық
заманның талаптарымен ұштастыруды көздеген стратегиялық маңызы бар ғылыми
алаңға айналды. Университеттің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі
проректоры Ертай Сұлтан Әбілда Табылдиевтің қазақ ғылымына қосқан өлшеусіз
үлесіне тоқталып, оның еңбектері ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі екенін атап
өтті. Ғалымның қаламынан туған балаларға арналған 38 кітап пен көптеген ғылыми
зерттеулер бүгінде педагогика саласындағы құнды оқу құралына айналып отыр.
Әбілда Табылдиев зерттеулерінде
халықтық фольклорды, салт-дәстүр мен ұлттық кодты балалар психологиясымен шебер
байланыстыра білген. Педагогтің 100 жылдығына арналған бұл шара ғалым
еңбектерінің әлі де зерттелетін қырлары көп екенін көрсетті. Педагогика
ғылымдарының докторы, профессор
Рымшаш Төлеубекова ғалымның этнопедагогикалық тұжырымдамаларын терең сараласа,
профессор Берікжан Әлмұхамбетов ұлттық құндылықтарды бүгінгі тәрбие жүйесіне
енгізудің маңыздылығына назар аударды.
Халықаралық
деңгейде өткен басқосуда түркиялық академик Икрам Чынар Әбілда Табылдиевтің
идеялары түркі тілдес халықтардың ортақ педагогикалық кеңістігін қалыптастыруға
әсер еткенін жеткізді. Осы уақытқа дейін 5 мемлекеттің (Түркия, Қырғызстан,
Өзбекстан, Түрікменстан және Қазақстан) ғалымдары бірлесе дайындаған
этнопедагогика туралы шыққан басылымдарды таныстырды. Мамандар мен сарапшылар
ұжымы қазіргі жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірінде ұлттық тәрбиенің
бәсекеге қабілеттілігін арттыру – басты міндет екенін бірауыздан мақұлдады.
Талқылау соңында
ғалымның әдістемелік еңбектерін жаңа форматта жаңғырту, цифрлық ресурстарға
интеграциялау және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бойынша нақты
ұсыныстар қабылданды. Осындай игі бастамалар арқылы ұлттық педагогиканың
іргетасы бекіп, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға серпін береді.
«Abai University»
медиа орталығы