ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨКТЕМГІ МЕКТЕПТІҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ

Абай университетінің Сорбонна-Қазақстан институтында Иналко (INALCO) университетімен бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық қатынастар бойынша көктемгі мектептің ресми ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Францияның Алматыдағы Бас консулы Максим Жеренже, мәдениет және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі өкіл Себастьян де Куртуа, дипломат Томас Наджар, Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова, профессорлар Катрин Пужоль, Себастьян Колен, Аньес Буссе және Иналко университетінен келген студенттер қатысты.


Париж қаласында орналасқан, жүзден астам тіл оқытылатын әлемдік деңгейдегі іргелі оқу орны – Иналко университеті мен Абай университеті арасындағы бұл жоба білім мен ғылым саласындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа белесіне айналды. Көктемгі мектеп аясында Франциядан 14 студент арнайы келді, олардың басым бөлігі халықаралық қатынастар мамандығында білім алса, біршамасы тіл мен әдебиет бағытын зерттеушілер. Шетелдік жастардың бұл сапары Орталық Азияның мәдени-лингвистикалық ерекшеліктерін тікелей Қазақстанның орталығында жүріп тануға бағытталған бірегей мүмкіндікке айналып отыр.


Ауқымды шараның шымылдығы Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогенің бейне құттықтауымен ашылды. Елші өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі маңызды рөліне тоқталып, студенттерді пікірталасқа белсенді қатысуға шақырып, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың өзектілігін атап өтті. Салтанатты жиынға Францияның Алматыдағы Бас консулы Максим Жеренже арнайы қатысып, Қазақстанның Франция үшін білім, ғылым және экономика саласындағы сенімді серіктес екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Францияның Қазақстандағы Елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі өкілі Себастьян де Куртуа жастарды осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақ елін Абай университетінің оқытушылары мен студенттері арқылы танып, өзара тәжірибе алмасуға шақырды.


Иналко университеті Сорбонна-Қазақстан институтының негізі қаланған сәттен бастап ең маңызды тарихи серіктестерінің бірі болып саналады. Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова көктемгі мектептің тек академиялық іс-шара емес, екіжақты ынтымақтастықтың жемісті нәтижесі екенін айтып, әріптестерге алғысын білдірді. Танымал тарихшы-профессор Катрин Пужоль бұл жобаны ашық диалогтың көрінісі деп бағалап, Абай университетінің кітапханасына халықаралық қатынастар саласындағы құнды еңбектерді сыйға тартты. Өз кезегінде танымал профессор Себастьян Колен Иналко университетінде халықаралық қатынастар саласының 40 жылдық тарихы бар екенін айтып, болашақта осы студенттердің Қазақстанда дипломатия саласында қызмет етуіне аталған мектептің зор ықпалы ететініне сенім білдірді.


Іс-шара барысында тараптардың өзара ынтымақтастықты тереңдетуге деген ниетін айғақтайтын маңызды құжат – ниетхатқа қол қойылды. Бұл құжат Абай университеті, Иналко университеті және Иналко қоры арасындағы академиялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, алдағы уақытта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және академиялық алмасу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.


Шараның екінші бөлімінде Абай университеті филология факультетінің докторанттары француздық студенттерге арнап «Қазақ тіліне қысқаша кіріспе» атты ашық сабақ өткізді. Оқыту үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктері, геймификация әдістері мен ұлттық дәстүрлер ұштастырылып, шетелдік жастар қазақ тілінің алғашқы негіздерімен танысты. Сабақ соңында белсенді қатысушыларға қазақтың ұлттық кәдесыйлары табысталды. Алдағы күндері көктемгі мектеп қатысушылары үшін түрлі ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен мәдени танымдық шаралар жалғасын табады.

 

«Abai University» медиа орталығы