TIMES HIGHER EDUCATION ҚАТЫСУЫМЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕССИЯЛАР ӨТТІ

Абай университетінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Times Higher Education (THE) компаниясымен бірлескен жұмыс сессиялары өтті. 2004 жылдан бері әлемдік жоғары оқу орындарының қызметін бағалап келе жатқан британдық агенттік университеттің стратегиялық дамуы мен көрсеткіштеріне кешенді сараптама жүргізді. THE әдістемесі академиялық жетістіктермен қатар, университеттің ғылымға, экономикаға және қоғамға тигізетін нақты әсерін өлшеуге негізделген.

Абай университетіне арнайы сапармен келген THE компаниясының бас кеңесшісі Эми Роуз THE World University Rankings 2026 рейтингіндегі оқу орданың позицияларына қатысты тереңдетілген симуляциялық талдауын таныстырды. Баяндамада қарашаңырақтың қазіргі әлеуеті мен халықаралық бенчмаркинг нәтижелері егжей-тегжейлі қарастырылып, дамудың басым бағыттары айқындалды. Университет басшылығы мен академиялық орта қатысқан алғашқы сессияда проректор Бану Нарбекова бұл қадамдардың оқу орнының стратегиялық амбицияларына толық сәйкес келетінін жеткізді. Уоркшоп барысында қатысушылар оқыту сапасы, ғылыми зерттеулердің пәрменділігі мен интернационализация көрсеткіштері бойынша тиімді кері байланыс алып, негізгі тиімділік индикаторларын (KPI) талқылады.

Жұмыс сессиясының келесі кезеңі факультет декандары, ғылым және академиялық мәселелер департаментінің өкілдерінен құралған фокус-топпен жалғасты. Бұл бөлімде оқытушылар құрамы мен студенттер санының арақатынасы, PhD бағдарламаларының тиімділігі, ғылыми жарияланымдардың сапасы мен дәйексөзге ие болу деңгейі секілді метрикалар сарапталды. Сондай-ақ шетелдік мамандарды тарту, халықаралық авторлармен бірлескен зерттеулер жүргізу және университеттің академиялық беделін әлемдік деңгейде нығайту мәселелері көтерілді. Эми Роуз THE WUR әдістемесіндегі әрбір көрсеткіштің, соның ішінде өндірістен түсетін табыс пен патенттік белсенділіктің маңызын түсіндіре отырып, оқытушылардың күнделікті қызметі мен ғылыми жетістіктерінің рейтингтік ұпайларға қалай әсер ететінін түсіндіріп берді.

Үшінші сессияда басты назар индустриямен байланыс пен интернационализацияға аударылып, құрылымдық бөлім басшыларынан құралған екінші фокус-группа халықаралық танымалдылықты арттырудың жолдарын қарастырды. Сарапшы университет пен жұмыс берушілер арасындағы серіктестіктің қазіргі жай-күйі бойынша сұрақтарын қойып, кедергілерді жою мен мүмкіндіктерді ұлғайту бойынша нақты ұсыныстар жасады. Сонымен қатар академиялық емес деңгейдегі серіктестіктер мен халықаралық имиджді қалыптастыру бастамалары да университеттің стратегиялық мақсаттарына жетудегі шешуші факторлар ретінде аталды.

Бұл жұмыс сапары – Абай университеті мен Times Higher Education арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың бастапқы кезеңі. Ары қарай бекітілген келісім аясында осы сессиялардың нәтижесімен жоспарлау жұмыстары жүргізіледі. Жобаның қорытынды кезеңінде университетті трансформациялаудың он жылдық стратегиясы мен оны жүзеге асырудың жол картасы әзірленеді. Бұл жүйелі жұмыстар оқу орнының халықаралық рейтингтегі позициясын нығайтуға және білім беру мен ғылыми қызметті жаһандық стандарттарға сәйкес жаңғыртуға бағытталған.

 «Abai University» медиа орталығы