27.02.2026
ҚОҚАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін Абай университетіне Қоқан мемлекеттік университетінің өкілдері арнайы ат басын бұрып келді. Делегация құрамында Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Нигора Кадирова, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Нодира Бегматова және Оқу-әдістемелік басқармасының басшысы Бекзод Баратбаев бар. Екі жақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған университет басшылығымен ресми кездесу өтті.
Абай университетінің Академиялық
қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова оқу
орнының білім беру бағдарламалары, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері,
ғылыми-зерттеу бағыттары және кадр даярлау жүйесі туралы толық ақпарат берді.
Сондай-ақ, университеттің
стратегиялық даму басымдықтарына тоқталып, халықаралық серіктестікті нығайтудың
маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Нигора Кадирова Қоқан университетінің білім беру жүйесі, халықаралық жобалардағы тәжірибесі
мен оқу
бағдарламалары туралы баяндап, екі оқу орны
арасындағы әріптестікті кеңейтуге дайын екенін білдірді. Делегация өкілдері
академиялық алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер, қос дипломды бағдарламалар
және оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында өзара іс-қимылды
дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Қоқан
университетінің өкілдері Өнер факультетімен байланыс орнатуға қызығушылық
танытты. Факультет өз кезегінде халықаралық әріптестік пен шығармашылық
алмасуға дайын екенін көрсетті. Өнер факультетінің деканы Кәрім Байқұтов
факультеттің оқу бағдарламалары, жетістіктері және студенттердің шығармашылық
жобаларын егжей-тегжейлі таныстырды. Қонақтар өнер бағытындағы
бірлескен жобалар мен академиялық тәжірибе алмасуға үлкен ықылас білдірді.
Кездесу соңында тараптар білім және ғылым саласындағы серіктестікті
жүйелі түрде жалғастыруға ниетті екендерін білдіріп, естелік суретке түсті.
«Abai University»
медиа орталығы